Семей қаласында екі әйел полиция қызметкерлерін алдамақ болған

458
көрілім

Құрбыларынан зергерлік бұйымдарды сұрап алып, ломбардқа өткізген азаматшалар қолға тиген ақшаны азсынған. «Енді не істейміз?» деп мың ойланып, жүз толғанған екеуі заңсыз жолға бет бұруға бел байлайды. Сондағы ойлап тапқандары – полиция қызметкерлерін алдап соғу, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі. 

Полиция бөлімшесіне хабарласқан Айым Бектұрғанова (аты-жөндері толықтай өзгертілген) арыз жазғысы келетіндігін айтады. Әйел адам құрбысы Жәния Сағындықоваға өзінің бағалы зергерлік бұйымдарын рұқсатсыз алып, ломбардқа өткізіп тастағанына шағымданған. Тәртіп сақшыларынан көмек сұраған ол негізінен кінәлі адамның жазаға тартылғанын емес, сол әшекейлердің тәркіленуін қалады. Оқиғаның мән-жайымен танысқан тәртіп сақшыларына әуел баста ешқандай секем келмеген. Анықталғандай, ломбардқа өткізілген сегіз алтын жүзік пен екі алқаның жалпы құны 430 мың теңгеге жуық бағаланыпты.

Десе де тергеу амалдары барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне күмән тудыратын бірнеше факті белгілі болды. Мысалы, бұйымдар Айымға да, Жәнияға да тиесілі емес екен. Оның иесі мүлде басқа адам болып шықты. Айсұлу есімді азаматша зергерлік бұйымдарды өз еркімен жағдайын айтып көмек сұраған танысы Жәнияға беріпті. Әйел адам мәселесі біржақты болған соң бәрін қайтарып беретіндігін айтып сендірген. Айсұлу тіпті әшекейлерді бергені жайлы қолхат та жаздырып алыпты.

Полицейлер тергеу жүргізу барысында ешқандай қылмыс құрамын анықтай алмады: Айсұлу танысына алтын бұйымдарды өзі берсе, Жәния екеуі келіскендегідей оны ломбардқа өткізген. «Ал Айым Бектұрғанованың бұл жерде қандай қатысы бар?» деп дал болды тәртіп сақшылары. Мұның жауабы ломбард ішінде бейжазбаны көргеннен кейін бірақ анықталды.

Жазбада зергерлік бұйымдарды өткізу барысында Жәнияның қасында Айымның тұрғаны анық байқалған. Әйел адамдар сол әшекейлер үшін ақша төлегілері келмей, тегін алмақ болыпты. Полиция қызметкерлері арыз жазған соң ұрланған мүлікті тәркілеп алады деп ойлады олар. Бірақ қитұрқы жоспарлары іске аспай қалды.

Семей қалалық №2 сотының үкімімен айыпталушылар 1 жылға бас бостандықтарынан шектелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ