Семейде күйеуінің қалжыңын көтере алмаған әйел оған пышақ сұққан

467
көрілім

ңгіме-дүкен құрған азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар ащы судан ұрттап отырады. Масайыңқыраған ер адам әйеліне «сен қартайып барасың. Қырмызыдай ажарлы бір жас келіншек тауып аламын ғой деймін» деп әзілдейді. Мұны естіген азаматшаның ашуға булыққаны сонша қалжыңбас күйеуін пышақтап тастаған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Нұржан Балтабеков пен Назгүл Дүйсенбаева (аты-жөндері толықтай өзгертілген) осыдан бірер жыл бұрын танысқан. Бір-бірін ұнатқан екі жас көп ұзамай азаматтық некегеде бірге тұруға бел байлайды. Мінездері жарасқан олар әуел баста бақыттың базарын кешіп, шаттықтың кәусәрін татқандай болды. Алайда ара-тұра қызғаныш сезімі Нұржан мен Назгүлдің арасына от салып тұратын. Әсіресе екеуі ішімдік ішіп алса, жанжалдың көкесі сонда болатын. Бірақ тек сөзбен шектеліп, қол көтеруге дейін жетпейтін еді.

Бір күні ерлі-зайыптылар үйде ащы судан ұрттап отырған. Әдеттегідей екеуі әр түрлі тақырыпта әңгімелеседі. Назгүл үстел үстінде нан турап тұрғанда ер адам басқа келіншек алғысы келетіндігі жайлы әзілдейді. Бұл қалжыңы әйеліне ұнамай қалған сияқты. Қолындағы пышақты Нұржанның кеуде тұсына сұғып жібергенінен біз соны ұқтық. Өзінің не істеп қойғандығын сорғалаған қанды көріп бірақ түсінген азаматша күйеуінің жейдесін шешіп, жарасын байлаған. Содан кейін ол лезде «Жедел жәрдем» қызметкерлерін шақырған.

Осыған байланысты сот ісі Семей қалалық №2 сотында қаралды. Сот барысында жәбірленуші судьядан азаматтық некедегі әйелін бас бостандығынан айырмауды сұрады. Ер адам болған оқиғаға өзі кінәлі екендігін жеткізді. Назгүл Дүйсенбаева болса істегеніне қатты өкінетіндігін айтты. Сот үкімі бойынша айыпталушы 1 жылға бас бостандығынан шектеліп, 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Сонымен қатар 50 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелген сотталушы ішімдікке тәуелділіктен емделуге жіберілмек. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ