Шемонаиха ауданында аулалар мен жолдарды қалың қар басқан

356
көрілім

ШҚО-ның кей аудандарында қар қалың жауып, қатты бұрқасын соққан, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Шемонаиха ауданының тұрғыны биіктігі үйдің қабырғасымен бірдей қалың қарды көрсетіп желіге бейнежазба таратқан.

- Біз осылай өмір сүріп жатырмыз. Ауланы да, жолдарды да қар басқан. Енді үйден қалай шығамыз? - дейді бейнежазба авторы.

Тұрғындардың хабарлауынша, аудан орталығында әлі де ұйтқыған жел соғып тұр.

Бұрқасын желдің салдарынан 28 қаңтар күні сағат 16.40-тан бастап «Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы» (Предгорныйдан Шемонаихаға дейін) тасжолы және Семей өңіріндегі бірнеше көлік жолдары жабылды.

- 29 қаңтар күні түнде ШҚО-да қалың қар мен қатты жел күтіледі. Желдің екпіні секундына 28 метрге дейін жетуі ықтимал, - деп хабарлайды ШҚО ТЖД.