Шетелдіктер ШҚО-мен шекаралас аймақтарда орналасқан туристік объектілерге бара алады

301
көрілім

Бұған дейін арнайы рұқсат қағаздарын рәсімдеу жұмыстары шетелдік туристердің аймақтың шекаралас аудандарына келуіне біршама шектеу қойды. Облыс басшылығы өңірдегі халықаралық туризмді дамыту мақсатында көші-қон шектеулерін алып тастауды ұсынды. Бұл бастаманың бүгінгі жай күйін 2017 жылдың 29-шы қарашасында Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов айтып берді.

Енді шетелдік туристер көші-қон полициясында көп уақыттарын жоғалтпай Катонқарағай ауданының шекаралас жерлері мен Марқакөлге бара алады. Алынған шектеулер Катонқарағай ұлттық паркі мен Марқакөл табиғи қорығындағы экологиялық туризмнің дамуына оң септігін тигізбек. Сондай-ақ, аймақ басшысы ШҚО Алакөл жағалауында Қытай Халық Республикасымен шекаралас туристік ынтымақтастықты құру бастамасы мемлекет тарапынан қолдау табады деп үміттенетінін мәлімдеді. Бұл бағытты дамыту қытайлық туристердің арнайы рұқсат қағаздарын рәсімдеуін біршама жеңілдетпек.

Өңір басшылығы осы мәселені жақын арада сыртқы істер, мәдениет және спорт министрліктерімен талқылауға ниетті.