ШҚО ауыр атлеттері Әлем чемпионатында бақ сынайды

356
көрілім
Фотосурет nodejs.butiku.kz сайтынан

Зілтеміршілерді кезекті аламан күтіп тұр. Шығысқазақстандық ауыр атлеттер Тайланд елінде өтетін әлемдік аламанда өнер көрсетеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Ұлттық құрама сапына екі жерлесіміз ілінген екен бұл жолы. Екеуі де аталмыш аламанға алғаш рет қатысқалы тұрған жоқ. Мәселен, 76 келі салмақта өз мүмкіндігін байқайтын Екатерина Быкова екінші Әлем чемпионатына барғалы отыр. Ал Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Уланов Әлем чемпионатына 2019 жылғы ел чемпионы есебінде қатысады. Мұның алдында Ашхабадтағы байрақты бәсекеде жүлдеден мүлде алыс қалған-ды. Алайда ол кезде иық жарақатының кедергі болғаны жасырын емес. Алтай ауданының тумасы Паттайя қаласында өтетін додада 89 келі салмақта сынға түспек.

Жалпы, Әлем чемпионатында ерлер құрамасы – 7, әйелдер – 2 салмақта жүлделі орындарды сарапқа салады. Дегенмен, Ұлттық олимпиада комитеті дерегіне сүйенсек, бұрымдылар қатарына тағы бірнеше салмақ бойынша атлеттер қосылуы мүмкін. Дүбірлі дода қыркүйектің 17-18 аралығында өтеді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ