ШҚО мен Ресей "Әдеби белдеу" жобасын жүзеге асырады

463
көрілім
Фотосурет - ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен.

Шығыс Қазақстан мен Ресей арасында «Әдеби белдеу» жобасы жүзеге аспақ. Бастама өңірдің мол мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, әсіресе ресейліктерге таныстыруды көздейді. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов ҚР Ресейдің Төтенше және Өкілетті елшісі Алексей Бородавкинмен кездесу кезінде айтты. Тараптар сондай-ақ, екіжақты серіптестікті дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Ресеймен бауырластық қарым-қатынас сақтау өте маңызды. ШҚО мен РФ арасында дәстүрлі "Алтай – біздің ортақ үйіміз" мәдени-гуманитарлық бағдарламасы аясында жылдар бойы қалыптасқан қарым-қатынасымыз тек нығая түсуде. Жобаны ары қарай да қолдау қажет. Мәдени серіктестікті нығайту үшін туристерге арналған «Әдеби белдеу» жобасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деді Даниал Ахметов.

Өз кезегінде Ресей елшісі сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық, туристік салалардағы екі жақты қарым-қатынасты ары қарай дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

– Бұл менің аймаққа алғашқы сапарым. Біз екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарына аса мән береміз. Өйткені, ШҚО Қазақстанның өнеркәсібінің іргесі. Сондай-ақ Шығыс Қазақстанның шет елдермен кең ауқымдағы бизнес байланыстары және әлемнің жетекші мемлекеттерімен металлургия, ауыл шаруашылығы, медицина және басқа да маңызды бағыттары бойынша сауатты экономикалық кооперациясы бар, – деді Алексей Николаевич.

Айта кетейік, өткен жылы ШҚО мен Ресей арасындағы тауар айналымының көлемі 1 млрд. 258 млн долларды құрады. Биыл бұл көрсеткіш 1 млрд. 4 млн. долларға дейін көбейтіп, экспорт пен импорт номенклатурасын арттыру жоспарлануда.