ШҚО палуандары Дағыстанда дайындалып жатыр

771
көрілім

Шығысқазақстандық спортшылар екі жұмадан астам уақыт Дағыстан Республикасындағы Хасавюрт қаласында әзірлік жүргізуде. Әр жаттығуларында барын сала дайындық жүргізетін жерлестеріміз есімі әлемдік еркін күрес тарихында қалған Адам Сайтиевтің ақыл-кеңесіне құлақ түрді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Хасавюрт қаласының іргесі қаланғаннан бері дағыстандықтар сауда-саттығын осында келіп жасапты. Ішкі нарықтың қарқын алуына қарай халық саны да арта түскен. Ал қазіргі уақытта тұрғындар саны 140 мың адамнан асады. Осы шаһардың өзінде ірілі-ұсақты 50-ден астам мешіт бар. Көп деректерде, Дағыстан жеріндегі еркін күрестің бастауы тым әріде жатпағандығы көрсетілген. Негізін қалаушылар Алихан Джамалдинов, Салимхан Нуцалханов, Руслан Жабраилов есімді ұлты шешен азаматтар. Содан бері Дағыстан – әлемдік еркін күрес орталығына айналып үлгерді.

Соңғы жылдары Шығыс Қазақстаннан шыққан палуандар бұл жаққа жиі атізін салуда. Жасыратыны жоқ, кейбірі таулық спортшылармен тәжірибе алмасуды құп көрсе, өзгелері Әзірбайжан еліндегі жаттығуларды жоғары бағалап жатады. Бұл жолы облыс көлемінде өз салмағында үздік шығып жүрген бірнеше спортшымыз Хасавюрт қаласындағы оқу-жаттығу жиынына жол тартқан болатын. Олжас Олжақанов, Ілияс Ерболатов, Мұхаммед Балғабай және тағы басқалары. Білікті бапкер Роллан Көксегенов бастап барған жерлестеріміздің біршама тәжірибе жинақтап үлгергендері, сөзсіз.

Сонымен Хасавюрт қаласы. Кезекті жаттығу күндерінің бірі. Күрес залында палуандардан бөлек, жан-жақтан келген бапкерлер де күнделікті жоспарды бекітіп, дене қыздыруды бастап кеткен. Негізгі нысан ретінде шығысқазақстандық спортшыларды алсақ, кіммен болса да шеберлік байқасып, әдіс-тәсілдер алмасуға әрқайсысы әзір жүр. Десе де Роллан Көксегенов шәкірттерінің Адам Сайтиевтің әр айтқанын көкейлеріне түйіп алуларын жіті қадағалап жүрді. Мұны шәкірттері де жақсы түйсінді. Жалпылай дайындық барысы бір сәт тоқтағанда Олимпиада чемпионы бозкілемнің ортасына шығып, көрген-білгенімен бөлісіп бағады.

– Барлығы кәсіби деңгейде өтіп жатыр, – дейді Роллан Көксегенов. – Жаттығулар жадыңда молынан сақталуы үшін жан-дүниеңмен сезінуге тырысу керек. Мұндағы эмоцияны айтып-жеткізу қиын. Мені дұрыс түсініңіздер, кей сәттерде жас балаша аңтарылып, байыбына жету үшін үнсіз қалған сәттер де болды. Бір есептен таңқалдым, бір жағынан қуандым. Шәкірттеріміз тісқаққан палуандардан тәлім алып жатса, алдағы уақытта өздері де сол биікке шығулары әбден мүмкін.

Адам Хамидович көбінде қарсылас ырғағын лезде бұзып, артқа шығып ұпай алудың хас шебері. Бұл жолы да соған басымдық беріп, әр спортшыға қайталап түсіндіруден жалықпады.

Шығысқазақстандық бапкердің айтуынша, еркін күрес елімізде тек спорт ретінде саналса, Дағыстанда мәдениеттің бір бөлігіне айналған. Жүгірген, ойнаған баланың әрбірі уақытын бозкілемде өткізетін көрінеді. Тіпті «мұнда күреспен айналыспаған жанның ер азамат болып қабылдануы екіталай» деген ой түйді жерлес жаттықтырушы.

– Неге десеңіздер, кез келген әке ұлының күреске барғанын қалайды. Осы іспетті жаттығу барысын еркін күрестің әліппесін үйретіп жүрген әр жаттықтырушы көрсе деймін. Мұнда көптеген тәсілдерді қарапайым әдістер дейді. Шындығында олай емес. Айталық, тәжірибесімен бөліскен Адам Сайтиев бір әдісті көрсетіп жатып, лезде келесісін жасайтындай болады. Керек десеңіз, бірінен соң бірі он тәсіл жасауға қауқарлы. Бұл жердегі түйін: ешқашан бір ғана әдіспен шектеліп қалуға болмайды, – деді Роллан Көксегенов.

Жерлестеріміз сәтін салса, ертең елге қайтады. Көрген-түйгендері аз емес. Алған тәжірибелері алдағы сайыстарда жемісін береді деуге сенім мол.