ШҚО палуандары «Яшар Догу» халықаралық турниріне қатысады

355
көрілім
Фотосурет olympic.kz сайтынан

Күрестің қай түрін алсақ та қазір палуандар жаттығу жүктемесін арттырып, жатпай-тұрмай тер төгуде. Неге десеңіздер, ақпан айының соңында Түркияда өтетін дәстүрлі «Яшар Догу» рейтингілік жарысында бақ сынайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бір айта кетерлігі, спортшылар қазір осыған дейін әрі бапкер, әрі кеңесші болған Маирбек Юсуповсыз, яғни бірыңғай қазақстандық мамандар қоластында жаттығуда. Білікті маман ел күресін ілгерілетуде төрт-бес жылдай еңбектенді. Олимпиада ойындарының жүлделерінен Нұрислам Санаев қана қола (Токиода) медаль иеленді.

Бұдан бөлек, спортшылар Маирбек Юсупов тұсында мынадай нәтижелер көрсетті:

Жүлде түрі

Саны

Сайыс ауқымы

1

Алтын

10

Азия чемпионаты

2

Күміс

5

Азия чемпионаты

3

Қола медаль

12

Азия чемпионаты

 

Жүлде түрі

Саны

Сайыс ауқымы

1

Алтын

Азия ойындары

2

Күміс

1

Азия ойындары

3

Қола

2

Азия ойындары

Әлем чемпионаттарында үш күміс және сонша қола медаль иеленгендігін айта кетейік.

Еркін күрестен бас бапкер болған Әсет Серікбаев та қызметінен кетіп, орнына Мадияр Құрамысов тағайындалды. Қазіргі уақытта еркін күрес шеберлері күштік жаттығуларға көбірек көңіл бөлуде. Нүктеге ауыр доп лақтырып, зілтемір көтеріп те жатыр. Ал жуырда Стамбул бозкілемінде өтетін турнирге қатысатын ел құрамасының тізімі жарияланды. Түркия жерінде шығысқазақстандық үш спортшы бозкілемге беттейді.

57 келі – Дәулет Теміржанов, Асылжан Есенгелді, Рахат Қалжан

61 келі – Жасұлан Тасқұл, Акбар Құрбанов, Асыл Айтақын

65 келі – Адлан Асқаров, Әділ Оспанов, Бекзат Ермекбай

70 келі – Сырбаз Талғат, Санжар Досжанов, Амандық Бакеев

74 келі – Шыңғыс Мұхаметқалиев (ШҚО), Нұрлан Бекжанов, Нұрғожа Қайпанов

79 келі – Дәулет Ергеш, Мейір Көшкінбаев, Жігер Закиров

86 келі – Азамат Дәулетбеков (ШҚО), Абылайхан Нұрсұлтанов, Мақсат Сатыпалды

92 келі – Әділет Дауланбаев, Елхан Асадов, Омар Жұмаш

97 келі – Бақдәулет Әлментай, Нұрғали Нұрғайыпұлы, Мамед Ибрагимов

125 келі – Олег Болтин (ШҚО), Әлішер Ерғали, Юсуп Батырмурзаев

Халықаралық күрес парақшаларының ақпаратынша, 74 келіге дейінгі салмақта небір сойқан белдесулер күтіледі. Тіпті кейбір елдер бір салмақта бірнеше спортшыны жіберу арқылы Ұлттық құрама намысын кімнің арқалап шығуы орынды деген сұраққа жауап іздейтіні сөзсіз. Соның бірі ресейлік палуандар. Иван Ярыгин атындағы турнирде бұл салмақта аланиялық Чермен Валиевтың мерейі үстем шықты. Одан бөлек, Олимпиада чемпионы Заурбек Сидаковтың да қатысатындығы белгілі болды.

Осының алдында 61 келіге дейінгі дәрежеде Азияның үздігі атанған Адлан Асқаров жаңа салмақта (65 келі) өз мүмкіндігін байқайды. Ал бұл салмақта Еуропа чемпионы Загир Шахиевтен бастап, Әлем чемпионатының жүлдегері, Мажарстан намысын қорғап жүрген Исмаил Мусукаев, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Бажранг Пуния (Үндістан) сынды тісқаққан палуандар жүлде үшін жарыс жолына шықпақ.

Аталған дода ақпан айының 24-27 аралығында өтпек.