ШҚО полиция қызметкерлері жоғалған 40 бас жылқыны тауып, иесіне қайтарды

559
көрілім
Шартты фотосурет

Мамыр айының 31-і күні Ұлан ауданының полиция бөліміне шаруақожалықтардың бірінің жұмысшысы жайылымнан 40 бас жылқысының ұрлануы бойынша жүгінген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған факті бойынша дереу ҚР ҚК-нің 188-1-бабыне сәйкес (мал ұрлығы) сотқа дейінгі тергеу басталып, соның аясында полиция қызметкерлері тергеу әрекеттері мен іздестіру шараларына кіріскен. Автожолдар мен ет өнімдерін өткізу орындарын жедел жабу жүзеге асырылып, жеке құрам күштерін барынша тартумен қатар арнайы техника, яғни ұшатын дрондар, тіпті тікұшаққа дейін жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері жергілікті жерлерді мұқият тексеру және тікұшақпен жоғарыдан қарау нәтижесінде бір табын жылқыны бұрынғы жайылған орнынан едәуір қашықтан ұзап кеткен жерінен тауып, иесіне қайтарды.

Анықтап тексеру барысында мал иесі малдардың қараусыз жайылып жүруі салдарынан олардың жоғалып кеткенін мойындады. ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған шаруақожалық жұмысшылары тарапынан «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын» бұзушылық пен немқұрайлы қарау жағдайы алғаш рет болып тұрған жоқ. Бұрын олар сегіз рет ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған, алайда оларға айыппұл салғаннан ешқандай нәтиже жоқ. Аталған факті бойынша мал иесіне қатысты тоғызыншы рет әкімшілік жаза қолданылатын болады.

- Жыл басынан бері ШҚО полиция қызметкерлері осындай жағдай бойынша 88 іздестіру шарасын өткізге. Яғни мал иелері малының жоғалғаны туралы жүгінгендерімен бірақ кейіннен оларды ешкімнің ұрламағаны анықталады. Қараусыз қалған малдар табылуы қиын жерлерге ұзап кетіп отырған. Барлық жоғалған мал, яғни 370 мал басы іздестіріліп, иелеріне қайтарылды, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

ШҚО Полиция департаменті мал иелерін, оларды жаю қағидаларын сақтауға шақырады және белгіленген талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік туралы ескертеді.