ШҚО спортшылары Азия чемпионатында топ жарды

709
көрілім

Қол күресінен Қырғызстанда өтіп жатқан XVIII Азия чемпионатында шығысқазақстандық спортшылар үздік нәтиже көрсетуде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Чолпан-Ата қаласында өтіп жатқан додада шығысқазақстандық қол күрес шеберлері бес алтын және бір күміс медаль қанжығалап үлгерді. Айта кетейік, сайыс маусымның алтысында басталған еді. Мұнда жастар, ересектер, сонымен қатар әйелдер де бақ сынауда. Ел құрамасы сапында Ұлан ауданының өрендері абыроймен өнер көрсетуде. Атап айтсақ, әйелдер арасында 50 келіде Деши Дурсаева оң және сол қол бойынша қарсыластарын қоғадай жапырып, алтын жүлдеге ие болды. Ақтық сында Тараз қаласынан келген тағы бір отандасымыз Әсел Әбдібектен басым түскен еді. Осы салмақта қола медаль қырғызстандық спортшыға бұйырды.

Сол нәтижені жастар арасында жарыс жолына шыққан Ораз Басаров та қайталады. 55 келіде өнер көрсеткен жерлесіміз екі қолмен де қарсылас шақ келтірмей, осымен Азияның 8 дүркін чемпионы атанып отыр. Сондай-ақ ерлер арасында 60 келіде өз мүмкіндігін байқаған Владислав Губушкин сол қолдан алтын алып, оң қол бойынша күміс медальді қанағат тұтты.

Байрақты бәсеке маусымның 12-не дейін жалғаспақ. Олай болса, жерлестеріміз жүлделер легін әлі де молайта түседі деп сенеміз.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ