ШҚО спортшылары халықаралық жарыста үздік нәтиже көрсетті

305
көрілім

Жерлесіміз Мақсат Ерланұлы мен Ернұр Қайырбеков кикбоксингтен Үндістанда өткен халықаралық сайыста тұғыр сатысына жайғасты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Нью-Дели қаласында өткен ауқымды аламанға әлемнің 10-нан астам мемлекетінен спортшылар келіп қатысты. Аталған дода әр жылы өтеді. Осы бәсекеге тыңғылықты әзірлік жүргізіп барған жерлесіміз Мақсат Ерланұлы 75 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, қарсылас шақ келтірмеді. С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 2-курсында білім алатын студент бірнеше мықтыны жолынан ығыстырды. Айтуынша, қарсыластары шетінен мықты. Әсіресе алтын медальді сарапқа салғанда Ирактан келген кикбоксшының қарқыны қатты болған.


- Сапалы дайындық нәтижесінде жарыс кезінде біршама жеңіл тиді. Бапкерлер нұсқаулығын бұлжытпай орындап, финалға дейін сүрінбедім. Шешуші сында бар мүмкіндігімді паш етіп, жеңіске жеттім, - деді Мақсат Ерланұлы.
Жерлесіміз осы спортпен 11 жасынан айналысып келеді. Ендігі жоспары сол, ірі жарыстарда үнемі жоғары көрсеткіштерге жету. Сондай-ақ, аталған додада ШҚУ-дың 1-курсында оқитын Ернұр Қайырбеков бақ сынап, екінші орыннан көрінді.
Фотосурет ШҚУ баспасөз қызметінен