ШҚО спортшысы Азия чемпионы атанды

360
көрілім

Жерлесіміз Асаухат Мұхамадиев Тайланд жерінде өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Семейлік палуан Чонбури қаласындағы байрақты бәсекеде 63 келі салмақта ел намысын қорғады. Елішілік додалардың талай жүлдесін иеленген талантты жерлесімізге Тай елінде ешкім төтеп бере алмады. Алдымен жапон елінен келген Риота Кошибаны 3:1 есебімен сан соқтырды. Ширек финалда 3:2 есебімен тәжірибелі үндістандық Виджай Виджайдан басым түссе, жартылай финалда Өзбекстаннан келген Жавохирбек Саматовты 8:0 есебімен тізе бүктірді. Ақтық сында жерлесіміз ирандық Саед Аламдар Аржманддаштакимен өзара кім мықтыны анықтады. Қос тараптың атойлап алға ұмтылуы бір сәтке де баяуламады. Қайта аңысын аңдып, қателіктерін күтумен болды. Қорытынды есеп 2:2. Алайда соңғы әдісті Асаухат жасағандықтан жеңіс жерлесіміздің еншісіне жазылды.

Айта кетейік, аталмыш аламанның алғашқы күнінде ел қоржыны бір алтын, бір және екі қола медаль түсті.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ