ШҚО-да ауылдарға ауызсу тарту мақсатында бөлінген қаржы тиімсіз пайдалануда

676
көрілім

Облысымызда жыл басынан бері ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында біршама жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Десе де бұл ретте кейбір жауапты мекемелердің жауапсыздық танытқандығы анықталуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бұл туралы ШҚО бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Серік Мамаев «Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалында өткен жиында айтты.

– Бүгінде облысымызда ауылдарды ауызсумен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыстық Прокуратурамен тізе қосып жауапты мамандарға арнайы тапсырма беру үшін бірқатар жиындар өткіздік. Құрылыс жұмыстары бойынша да іс-шаралар қолға алынды. Тексеріс барысында бірнеше заңбұзушылыққа тап болдық. Мұндай фактілер Алтай, Глубокое және Катонқарағай аудандарында тіркелген, – дейді ол.

Оның айтуынша, Глубокое ауданында қаржылық заңбұзушылық 3 нысанда тіркелген. Бұл нысандарға кеткен шығын 87 миллион теңгені құрап отыр. Сонымен қоса жұмыстар толығымен атқарылмаған. Атқарылған күннің өзінде де сапасы сын көтермейді. Департаментінің басшысы бұндай жауапсыздықтың себептерін де ашып айтып берді.

– Салынған құрылыстардың сапасыздығының себебі – бізде техникалық бақылау әлсіз. Сонымен бірге Уварово ауылын ауызсумен қамтамасыз ету үшін 20 миллион теңге қаржы кеткен. Ал Тарханка ауылына 25 миллион жұмсалған. Бұл өте көп сома, – деді ол.

Серік Мамаевтың сөзіне сүйенсек, Алтай ауданы бойынша 453 миллион теңгенің қаржылық заңбұзушылық фактілері тіркеліпті. Су құбырларын қайта тартуға бюджеттен 297 миллион теңге бөлінген. Ал Катонқарағай ауданында қаржылық шығын 417 миллионға жетіпті.

– Осы аталған материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Бүгінде бұл іспен Экономикалық зерттеу орталығы мен Прокуратура айналысуда. Мәселе тіпті ушығатын болса, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары айналысатын болады, - деді ол өз сөзінде.