ШҚО-да биыл скринингтік зерттеуден бес мыңнан астам адам өтті

312
көрілім

Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері скринингтік зерттеуден бес мыңнан астам адам өтті. Зерттеу обыр дерті, қант диабеті, глаукома және қан айналымы жүйесі сынды ауруларды ерте кезеңде анықтау мақсатында өткізілген.

Аурудың алдын алудағы ең маңызды әдіс – ол скрининг. Соның арқасында дерттің асқынып кетуіне жол берілмейді. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ШҚО филиалының директоры Ғалымжан Әбіловтың айтуынша, биыл жатыр мойыншығы, сүт бездері, ішек обырын анықтауда 5 600 адам тексеруден өткен.

- Скрининг кабинеттері барлық емханаларда бар. Мұндай зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жасалады, - деді ол.

Адамның скринигтен өтуге жас шамасы келетінін немесе келмейтінін тіркелген емханадан білуге болады.

«Жыл басынан бері қор дәл осы мақсатқа 575 млн теңге қаржы жұмылдырды. Скринингтен бәрі өту керек. Тіпті егер денсаулығыңызға еш шағымыңыз болмаса да. Әркім өз денсаулығына өзі жауапты. Осы ретте айта кететін жайт, скринигтен өту кезінде жұмыс беруші қоластындағы қызметкерді жұмыстан үш күнге дейін босатуы тиіс. Сол күндерге жұмысшының жалақасы сақталады», — деді Ғалымжан Әбілов.

Егер қосымша сұрақтар туындаса әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы жүгіне аласыз.