ШҚО-да былтыр 443 адам көлігіне cәнді нөмір сатып алған

391
көрілім

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ШҚО бойынша филиалының директоры Азамат Есембулов осы және өзге де мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
 Бұдан бөлек, отырыс барысында филиал директорының орынбасарлары Азамат Рахимжанов, Айжан Агибаева және Гульфайра Нуржанова өз жұмыс бағыттары бойынша атқарылған істер туралы баяндап берді.
    Филиал директорының айтуынша, бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы тізілімде қолжетімді 694 Мемлекеттік қызметтің 665-і көрсетіледі, оның 637-сі электрондық форматта қолжетімді. Өткен жылы ХҚКО арқылы аймақта 866 мыңнан астам мемлекеттік, 2021 жылдың осы кезеңінде бір миллионнан астам қызмет көрсетілген. Облыс тұрғындары электрондық қызметтерді жиі пайдалана бастады.
    Сондай-ақ мемлекеттік корпорация ШҚО бойынша филиалының басшысы мемлекеттік қызметтерді онлайн-режимде алудың маңыздылығын атап өтті. Мәселен, 2022 жылы Қазақстанда «Мобильдік ХҚКО» қосымшасы пайда болды. Ол арқылы азаматтар кеңес пен кейбір мемлекеттік қызметтерді алып қана қоймай, ЭЦҚ шығару қызметіне тапсырыс бере алады. Бір жыл ішінде қосымшаны 68 мыңнан астам қолданушы жүктеп алды.
    Айта кетейік, брифинг барысында филиал директорының фронт-офистердің жұмысын үйлестіру жөніндегі орынбасары Азамат Рахымжанов өткен жылы ШҚО ХҚКО-лары арқылы тапсырыс берген ең танымал қызметтер туралы айтып берді. Мәселен, ЭЦҚ алу – 288 301, танымалдығы бойынша екінші орында – көлік құралдарын тіркеу – 166 390, үшінші орында – паспорттар, азаматтардың жеке куәліктерін беру - 101 471, төртінші орында - жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу - 83 415, бесінші орында - жүргізуші куәліктерін беру-63 758 ең қажетті қызмет болып табылды.
    Сонымен қатар, облыс тұрғындары өткен жылмен салыстырғанда сұранысқа жоғары нөмірлерді жиі сатып ала бастады. Өскеменде 2020 жылы 175 жоғары сұраныс нөмірі сатып алынды, 2021 жылы - 411, өткен жылы - 443. Айта кету керек, VIP нөмірлердің бағасы сандар мен әріптерге байланысты 196 650 теңгеден 983 250 теңгеге дейін өзгереді. Мемлекеттік нөмірдің иесі оны үшінші тұлғаға бере алмайды немесе сата алмайды. Автокөлік сатылған жағдайда, иесі оны жаңа көлік сатып алғанға дейін 6 айға дейін арнайы бағамен сақтай алады.
    Әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі филиал директорының орынбасары Айжан Ағыбаева 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2028 жылға дейін әйелдерге жасына байланысты зейнетақы тағайындау кезінде 61 жас белгіленгенін, сондай-ақ бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем алушы болып табылатын адамдарға тағайындау мерзімі бала бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылғанын атап өтті. Бұдан басқа, 2022 жылғы 1 қазаннан бастап «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы проактивті түрде көрсетіледі.
    Іс-шарада барысында филиал директорының жылжымайтын мүлікті тіркеу жөніндегі орынбасары Гульфайра Нуржанова Мемлекеттік корпорация екінші деңгейдегі банктермен Blockchain технологиясын қолдана отырып, жылжымайтын мүлікке ауыртпалықтарды (кепілді) тіркеу бөлігінде жеке тұлғалар үшін екінші деңгейдегі банктер жасасатын банктік қарыз шартын қамтамасыз етуге берілген кепілді электрондық тіркеуге тұрғызатын қызмет жайлы мәлімдеді. Бұл қызмет тіркеу процесін үш күндік мерзімнен бір күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар азаматтар уақыттарын үнемдеп, тіркеуге өтініш беру үшін ХҚКО-ға және нотариустарға бармай-ақ, онлайн түрде өтініш бере алады. Айта кетейік, өткен жылы Blockchain технологиясын қолдана отырып келісім-шартты тіркеген азаматтарды саны 2727 жетті.