ШҚО-да «Дарындылар пулынан» алғашқы тағайындау

566
көрілім

«Азаматтарға арналған үкімет» Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалында кадрлық резервтен бірінші тағайындау өтіп, «Дарындылар пулына» тіркелген кәсіпкер және қоғам қайраткері Руслан Кибке Семей қаласының №2 ХҚКО бөлімінің басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Руслан Кибке «Азаматтарға арналған үкіметтің» кадр резервіне іріктеу кезінде сыртқы кандидат болды. Яғни, ол Мемлекеттік корпорацияның қызметкері болған жоқ.

- Ең алдымен, біздің мемлекетімізде қандай да бір «көмекшісіз» мансап сатысымен адал алға жылжуға болатынын дәлелдегім келді. «Дарындылар пулы» жобасы - соның дәлелі. Іріктеуге қатысуға шешім қабылдадым, өйткені мен мемлекеттік қызмет көрсету саласын тек ішінен жақсарта алатынымды түсіндім. ХҚКО бөлімінің жұмысына өз үлесімді қосып, жоғары лауазымдардағы саланы жақсартуға мүмкіндік алғым келеді, - деді Руслан Кибке.

Сонымен қатар Руслан Кибке ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы Республикалық арнайы мониторингтік топтың және ШҚО бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Мемлекеттік қызметтер мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі болып табылады.

Айта кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» кадрлық резервіне ШҚО-ның 14 өкілі, ал «Дарындылар пулына» барлығы екі мыңға жуық үміткерден 353 адам іріктелді.

- Бұл жоба өте өзекті және талантты мамандардың әлеуетін ашуға мүмкіндік береді деп санаймын. Облыс бойынша алғашқы тағайындаулар бар, - деді ШҚО бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының директоры Азамат Есембулов.

Естеріңізге сала кетейік, жалпы кадр резервіне іріктеу 2021 жылғы 1 наурыз бен 30 сәуір аралығында өтті. Іріктеуді әзірлеу кезінде «Президенттік Жастар кадр резерві», «Елбасы Академиясының салалық менеджерлері» және «Жас Өркен» сияқты ұқсас жобалардың тәжірибесі ескерілді. Осылайша, «Дарындылар пулы» Қазақстандағы кадрлар резервін құру бойынша төртінші ірі жобаға айналды.

 

«Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша

филиалының баспасөз қызметі

Мөлдір Заруетқызы