ШҚО-да орман шаруашылығына қажетті ерекше құрылғы алынды

564
көрілім

Бүгін Өскеменде айрықша қорғалатын табиғи аумақ қызметкерлеріне патрульдік көліктер мен фототұзақтар табыс етілді. Одан бөлек, көпшілік көзінше ағаш діңіндегі сүректің шіріген-шірімегендігін анықтауға мүмкіндік беретін құрылғы таныстырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыс орталығында өткен шараға бірқатар қорық пен Ұлттық парк басшылары қатысып, орман шаруашылығының тәртібін қадағалауға септігін тигізетін көліктер кілтіне салтанатты түрде ие болды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Дамыту бағдарламасының өкілдері бес темір тұлпардың кілтін табыс етіп, орманды өлке саналатын өңірге қажет құрылғылардың ерекшеліктеріне тоқталды. Облыстық Табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайыновтың айтуынша, жауапты тұлғалар аталған құрылғыларды арнайы жоба аясында табыстап жатқан көрінеді. Оның ішінде, патрульдік көліктер Батыс-Алтай, Марқакөл мемлекеттік қорықтары, Катонқарағай Ұлттық паркі, «Пихтовская» КМК-ға берілді. Қаражат тұрғысынан да, жұмыс кезіндегі мүмкіндігі жағынан да «Резистограф» аталатын құрылғыға ерекше тоқталды.

– Адамдарда сырқат анықтауда томограф мамандар іске кіріссе, бұл тұрғыда ағаштардың сырқаттануын осы «Резистограф» анықтап береді. Ресейдің өзінде екі жерде ғана бар. Ал еліміз бойынша біреу, оның ішінде Шығыс Қазақстан өңіріне алынды, – дейді облыстық Орман шаруашылығы филиалының директоры Андрей Волощев. – Бұл құрылғыны меңгеру мақсатында 5 маман білімдерін жетілдіріп. сертификатқа ие болды.

Белгілі болғандай, облысқа сатып алынған фототұзақтың ұзын-саны – 65. Ал республика көлемінде барлығы 296 құрал алынған екен. Осының барлығы да орман шаруашылығын бақылауда ұстау мақсатына бағытталған.

Әділхан ЕСІМХАНОВ