ШҚО-да полицейлерге арналған оқыту-жаттығу орталығы ашылды

665
көрілім

Шығыс Қазақстанда ұзақ уақыт бойы жеке құрамды жауынгерлік дайындыққа оқыту және дағдыларын жетілдіруге арналған арнайы база болған жоқ. Өңір басшысы Даниал Ахметовтың қолдауымен биыл облыстық ІІД қарамағына маңайының аумағы 1 гектардан асатын екі ғимарат берілді. Бұдан бөлек, жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 357 миллионнан аса теңге бөлінді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасы Жолдауында бесінші басымдық қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған. Бүгінде атқарушы билік пен полицияның өзара әрекеттесуі арқасында құрылған жаңа жүйе қоғамдық қауіпсіздікті қамтып, құқық қорғаушылар жұмысының тиімділігін арттыра түспек. Десе де, облыс әкімі атап өткендей, қызмет сапасын жақсарту үшін жеке құрамды оқытудың маңызы жоғары. Осы ретте аталған бағыттағы жұмысты жүйелеу үшін департаментте арнайы дайындық басқармасы құрылды.

– Бір жарым жыл бұрын бұл бос тұрған ғимарат болған. Қажетті қаражатты бөлдік. Енді облыстық ІІД жеке құраммен теориялық және тәжірибелік тұрғыда оқыту өткізу үшін жақсы база бар. Мұнда дайындықтың барлық түрінен өту арқылы қиын да қауіпті қызметтеріңізде кездесетін кез-келген жағдайға дайын болғандарыңызды қалаймыз. Тағы атап өтерім, келесі жылы ішкі істер қызметкерлеріне арналған үйдің құрылысын бастаймыз, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Жаңа орталық соңғы үлгідегі бейнебақылау, тексеру-рұқсат ету және арнайы байланыс жүйелерімен, кабинеттер болса, заманауи құрылғылармен жабдықталған. Саппен жүру, тактикалық-арнайы сабақтар өткізу үшін арнайы алаң да қарастырылды. Орталық негізінде алты күнге шақталған оқыту-жаттығу жиындары өткізілетін болады.

Айта кету керек, биыл облыстық бюджеттен ІІД материалды-техникалық қорын жақсарту мақсатында 3,5 млрд. теңге бөлінді. 276 автокөлік пен 10 автобус сатып алынды. Жалпы ШҚО ішкі істер құрылымын автокөлікпен қамтамасыз ету және техникалық қаруландыру бойынша республика бойынша алғашқы орында тұр.