ШҚО-да стационарлардағы жұмыс істеу жүктемесі 42 пайыздан аспайды

299
көрілім

Қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай ерекше өршіп тұрған бірқатар қалалар мен аудандар бар. Десе де өңірде медициналық мекемелерде науқастар саны көбейіп кетпес үшін тиісті шаралар жалғасын табуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша, жағдайға байланысты ұйымдастыру жұмыстарының барлығы ойластырылған. Жұқпалы аурулар стационарында 100-ден 1811-ге дейін, провизорлық стационарда 411-ден 2048 төсек-орынға дейін артты. Қалалық және аудандық ауруханаларда ауыр халдегі науқастар түскен жағдайда қолданылатын қарқынды терапия әзірленді.
Медициналық жабдықтарға келсек, жуық арада екі миллиард теңгеге қосымша тыныс алу концентраторлары, ИВЛ және рентген аппараттары, сондай-ақ өзге де медициналық жабдықтар сатып алынбақ.
– «Жедел жәрдем» көліктері санын арттырмақпыз. 216 бірлік «Жедел жәрдем» көлігінің 100-і бюджет есебінен, – деді Даниал Ахметов облыстық мәслихат сессиясында. – Алғашқы 100 көлік 1 қыркүйекті жеткізіледі. Әрбірі тиісінше жабдықталған.


Тұрғындар тарапынан «коронавирус жұқтырған науқастар саны артта түссе, ем-дом жасайтын дәрігерлер саны жеткілікті ме?» деген сауалдар түсуде. Егер де осындай мәселе шығып жатса, онда қосымша дәрігерлер тарту арқылы тығырықтан жол табуға болады. Бұл ретте 141 дәрігер және 197 маман жұмылдырылмақ. Бір айта кетерлігі, барлық қызметкерге бір айға емін-еркін жетерлік жеке бас қорғаныс заттарымен қамтамасыз етілген. Одан бөлек, дәрігерлер мен коронавиурспен күресіп жатқан өзге де қызметкерлерге 20 мың қорғаныс костюмдері тігілуде.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмас үшін дәріханаларда ыстықты түсіретін дәрілердің болуын қамтамасыз ету үшін мониторинг жасалады. Бұл жерде бағаның қымбаттап кетпеуі мен дәрі-дәрмекті заңсыз сататындардың жолын бөгеу де ескеріледі, – деді аймақ басшысы.
Жалпы өңірдегі төсек-орын қорының жұмыс істеу жүктемесі 42 пайыздан аспайтындығын айта кеткен жөн.