ШҚО-да түнде көше кезген 98 жасөспірім анықталды

367
көрілім

ШҚО полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстарды алдын алу мақсатында жедел алдын алу шарасын өткізуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Жасөспірім» шарасы топпен жасалатын (бұзақылық, тонау, ұрлық, қорқытып алу және т.б.), кәмелетке толмағандардың алкоголь, есірткі және психотроптық заттарды тұтыну фактілерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардан заңсыз сақталған заттарды алу мақсатында қыркүйек айына 19-на дейін жалғаспақ.

Қыркүйек айының 13-і күні басталған шара барысында полиция есебінде тұрған балалар, мектеп оқушылары және оқу орындарының студенттері арасында алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Соған сәйкес тәртіп сақшылары құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдерді, кәмелетке толмағандарды, балаларды құқық бұзушылыққа тартатын ересек адамдарды, қадағалаусыз және панасыз қалған балаларды, сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларды анықтайды.

Белгілі болғандай, «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасын өткізудің бірінші күні ішкі істер органдарына әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін барлығы 121 кәмелетке толмаған бала жеткізілді.

Ювеналды полиция қызметкерлері есепке алудың әртүрлі санаттары бойынша ІІО есебіне қойылған 19 кәмелетке толмағанды және балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамайтын 17 ата-ананы анықтады.

- Бүгінгі күні облыс бойынша ІІО есебінде түрлі санаттар бойынша 309 жасөспірім, 655 қолайсыз отбасы тұр. Жедел алдын алу іс-шарасы барысында 132 кәмелетке толмаған баланың, 179 заңды өкілдің тұрғылықты жері тексерілді, жеке профилактикалық жұмыстар жүргізу, сондай-ақ тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын тексеру мақсатында, қажет болған жағдайда құқықтық, әлеуметтік көмек көрсетіледі. Барлығы 165 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 18 ата-ана, кәмелетке толмағандар жасаған ұсақ бұзақылық үшін 13 кәмелетке толмаған адам тартылды. Түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз 98 құқық бұзушылық анықталды. Тек бірінші күні ата-ананың қарауынсыз және тыйым салынған уақыттан үйден тыс жүргені үшін 17 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырылды, - деді ШҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Талғат Нүриев.

Сондай-ақ жедел алдын алу іс-шарасы аясында облыстың білім беру ұйымдарында құқықтық тақырыпта 423 дәріс және әңгіме өткізіліп (кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау ережелері, бейтаныс адамдармен, жанжал жағдайлары, зорлық-зомбылықтың алдын алу және т.б.), онда әртүрлі тақырыптар бойынша жадынамалар орналастырылды.