ШҚО-да тұрғындары спортпен аз шұғылданатын аудан қайсы?

339
көрілім
Фотосурет aigak.kz сайтынан

Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығының мәліметінше, ауылдарда 14-18 жас аралығындағы 6000-нан астам адам спортты серік еткен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жауапты тұлғалар бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жұмыстарға тоқталды. Ресми мәліметке сәйкес, былтыр 304 мыңға жуық өңір тұрғыны салауатты өмір салтын серік етіп, 2022 жылмен салыстырғанда едәуір өсім көрсеткен.

– Спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің ең көп қамтылуы Өскемен қаласында (73 713 адам), ең аз қамтылуы Самар ауданында (2 555 адам) байқалады. Аймақтағы ең танымал спорт түрлері – футбол – 28 606, волейбол – 26 232 және жеңіл атлетика – 17 943 адам айналысады. 2023 жылы Білім басқармасымен бірлесіп балалар мен жасөспірімдерге арналған 245 қосымша тегін секция ашылды, – деді ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Архат Болатхан.

Осыны айтты да биылға қойылған жоспарға тоқталды. Айтуынша, спорт мектептерінде балалардың емін-еркін дайындық жүргізулері үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр. Мәселен, биыл мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде тегін спорт секцияларында балалардың сабақтарына облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге көлемінде қаржыландыру бөлініпті.

– Облыста 35 спорт мекемесі жұмыс істейді, онда 727 жаттықтырушының жетекшілігімен 17,4 мың спортшы айналысады. Ұлттық спортқа ден қойғандар саны да былтырға қарағанда мың адамға артқан, – деді бөлім басшысы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ