ШҚО-да үш әуежай жаңартылады

354
көрілім

ШҚО-да үш әуежай толықтай жаңартылатын болады. Өскемен және Үржар ауылындағы әуежайларды жөндеу 2021 жылы аяқталса, Зайсан ауданындағы әуежайда талапқа сай жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Облысымызда барлығы 4 әуежай бар, соның ішінде үшеуіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Семейдегі әуежайдың жөндеу жұмыстары өткен жылдың желтоқсан айында аяқталған болатын. Ол үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтің айтуынша, Өскемен және Үржар әуежайында жөндеу жұмыстары 2021 жылы аяқталады.

2022 - 2024 жылдар аралығында Зайсан қаласындағы әуежайды жөндеуден өткізіп, Катонқарағай ауданындағы Үлкен Нарын ауылына аэродром салу үшін тендер өткізіліп, мердігер анықталуда.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов мердігерлерді мұқият таңдап, әуежайды басқарудың бірыңғай жүйесін құруды тапсырды.

- Сіздер конкурс өткізіп, әуежайды жөндеуге тәжірибесі жоқ мердігер таңдап аласыздар. Нәтижесінде мемлекеттік сараптама кезніде ондаған сұрақтар туындайды. Бұл мәселені қадағалау керек, - Сіздер шалғайдағы бір ауылдың жолын жөндеп жатқан жоқсыздар ғой. Бұл көптеген жылдар бойы қызмет ететін күрделі нысан. Неліктен әуежайды басқарудың бірыңғай құрылымы әлі құрылған жоқ? Бұл лауазымға менің кандидатурам дайын, ал сіздер бұл мәселенің шешімін 4 ай бойы таба алмай келесіздер!

Енді шенеуніктерге әуежайларда жөндеуді ғана емес, барлық әуежайларды басқаруға үміткер табуды, сонымен қатар Зайсан мен Үржар рейстерін субсидиялау үшін кепілдендірілген қаржыны талдауға тура келеді.