ШҚО-да жыл басынан бері жарылғыш құрылғылар туралы төрт хабарлама тіркелді

228
көрілім

Жылдың басынан бері өңір аумағында жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы хабарламаның төрт фактісі тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Дегенмен тексеру барысында оның жалған екендігі анықталды. ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сәйкес тек осы жылдың қараша айында полиция қызметкерлері басқа арнайы қызметтермен бірлесіп осындай екі жалған шақыртуды тексерді.
Айталық, қараша айының 17-сі күні Өскемен қалалық полиция басқармасының 102 жедел арнасына қаланың 50 жастағы тұрғыны хабарласып, террорлық әрекет болуы мүмкін екендігін хабарлады. Бұл сигналды қызметкерлер дереу тексерді, бірақ оқиға орнына келгенде ештеңе табылған жоқ.

- Хабарласқан адам итімен серуендеп жүргенде жай әзілдеп көру үшін полицияға телефон соққаны белгілі болды. Бірнеше күннен кейін тағы бір 46 жастағы қала тұрғыны Лихарев көшесіндегі үйдің кіреберістерінің бірінде жарылғыш зат қойылғанын хабарлады. Тексеру кезінде бұл ақпарат расталмады. Тергеу барысында анықталғандай, қоңырау шалған екі адам да мас күйде болған. Осы фактілер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің  438-бабына сәйкес  (Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, әр құқық бұзушыға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындалды. Бұдан басқа, осы баптың санкциясымен бұзушылықты қайта жасалса 60 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген. Ал кәмелетке толмаған адам осы бұзушылықты жасаған жағдайда, оның ата-анасы 15 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды, - делінген мәліметте.
ШҚО Полиция департаменті қоғамдық резонанс пен өзге де жағдайларды ескере отырып, мұндай құқық бұзушылықтар үшін ҚР ҚК-нің 273-бабына (Терроризм актісі туралы жалған хабарлау) сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылатындықтарын ескертеді, оның санкциясында бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.