ШҚО-дан Арысқа аттанған 140 адам зардап шеккендерге көмек көрсетуде

574
көрілім

Аймақ басшысы Даниал Ахметов Арыс қаласына барып келген сапарынан тұрғындардың хал-жағдайы, мемлекет тарапынан болып жатқан көмек жөнінде толығырақ тоқталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

– Қазір облыс көлемінде арыстықтарға жәрдем беру бойынша арнайы штаб жұмыс істеп тұр. Әрбір қала мен аудан тиісті шаралар қабылдауда. Nur Оtаn партиясының бастамасымен 166 миллион теңге қаржы жиналып, аударылды. Одан бөлек, 211 тонна гуманитарлық көмек жіберілуге әзір. Облыс аумағындағы демалыс лагерьлері 300 баланы қабылдауға дайын, – дейді аймақ басшысы.

Облыс әкімі кеше ғана  құрылыс басшыларымен бірге Арыс қаласына ат ізін салып қайтқан. Айтуынша, біршама тұрғындар баспаналарына оралып, жағдай тұрақтана бастаған. Шығыс Қазақстанға 541 нысан бөлініп отырған көрінеді. Мәселенің жай-жапсарымен танысып қайтқан аймақ басшысы алты үйдің жарамсыз екендігін айтып, бір айдың ішінде жаңасы салынатындығын жеткізді.

– Тағы 12 үй қалпына келтірілетін болады. Ол да бір айдың ішінде жөнделмек, – деді өңір басшысы. – Облысымыздан 25 құрылыс компаниясы жұмысқа кірісуге сақадай сай. Қазір ол жақта біздің аймақтан 140 адам қарбалас науқасқа білек сыбана атсалысуда. Сонымен қатар шілденің 10-ына дейін қосымша тағы 50 мың шаршы метр шифер жөнелтілмек.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан он күн бұрын облыстық Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Донор күні» қайырымдылық шарасы өткен еді. Облыс әкімінің айтуынша, сонда еріктілерден қан тапсырып түскен қарaжат толықтай Арысқа жіберілген.

Әділхан ЕСІМХАНОВ