ШҚО-ның қай аудандарына су басу қауіпі төніп тұр? – Облыс әкімінің баспасөз қызметі ресми ақпарат ұсынды

93
көрілім

Берілген мәліметке сүйенсек, қазір өңірдегі қар жамылғысы 60%-ды құрайды. Күн күрт жылынып, жағдай ушыққан жағдайда жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтері күшінен 2000-нан астам адам жұмылдырылмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ресми ақпаратқа сүйнесек, аймақтағы су қоймаларының бәріне үздіксіз бақылау жүргізіліп отырады. Өңірде дауылды ескерту жарияланған. Синоптиктер қатты жауын-шашын болады деп болжап жатыр. «Қазгидромет» РМК мәліметін ұсынбас бұрын, облыс әкімдігі ақпаратына тоқталайық. Су деңгейінің көтерілу қауіпі Риддер қаласын да қамтуы мүмкін.

– Одан бөлек, Катонқарағай, Шемонаиха, Марқакөл, Глубокое, Үлкен Нарын және Алтай аудандарында қауіп болуы мүмкін. Жағдай ушықса, жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарынан 2270 адам жұмылдырылмақ. Сондай-ақ, 732 техника, 61 жүзу құралы мен 234 мотопомпа жасақталды, – деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Елжан Қайырқанов.

Анықталғандай, жергілікті атқарушы органдар азаматтардың жалпы сыйымдылығы 17 мыңнан асатын 153 уақытша орналастыру пунктін анықтады. Елжан Қуанышұлы сәуір айының 7-сі күні Алтай ауданында болған жағдайға да тоқталды. Оның сөзінше, Богатырев ауылының тұрғыны қоңырау соғып, ауласын су басқанын жеткізген. Мұның себебі сол, Бұқтырма өзенінің деңгейі көтеріліп, екі тұрғынның ауласына су кірді.

– Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, Полиция департаменті, жергілікті атқарушы орган қызметкерлері және әскерилер мотопомпа арқылы тиісті жұмыстар жүргізді. Жалпы 10 техника жұмылдырылған. Су деңгейі түсіп келеді, өзге аулаларға су кірмеді, – делінген мәліметте.

Айта кетейік, жуырда облыс көлемінде күннің күрт жылынуына байланысты дауылды ескерту жарияланған болатын. Аймақта «112» жедел желісі және «109» ахуалдық орталығының қызметі тәулік бойы жұмыс істеуде.

Асыл АЙТБАЕВ