Шығыс Қазақстан облысында хирургиялық операциялар жасауға арналған жаңа бірегей орталық құрылуда

305
көрілім

2017 жылдың 29-шы қарашасында Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов:

— Биылғы жылы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, Өскемен қаласындағы №1 қалалық аурухананың жанынан еліміздегі тұңғыш роботтандырылған хирургия және трансплантология орталығын ашу жайлы шешім қабылдадық. Орталық құру үшін облыстық бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлінді. Сонымен қатар, бұл мақсатта «Парыз» қоры 1,1 миллиард теңге қаржы жұмылдырды.

Аталмыш орталықтың негізгі мақсаты әр түрлі ауруларды диагностикалау мен емдеудің инновациялық әдістерін енгізу болып табылады. Осы ретте, айта кеткеніміз жөн болар, бүгінгі күні №1 қалалық аурухананың хирургиялық бөлімінде жыл сайын 7 мыңға дейін ота жасалады. Олардың 20% -ы эндоскопиялық оталар. Бұл роботтандырылған хирургия орталығы үшін өте үлкен әлеует.

Эндоскопиялық оталардың тиімділігі эндохирургиялық техниканың көмегімен кішігірім тілу арқылы жүргізіледі. Осының арқасында терінің сыртқы зақымдалуы көп байқалмайды екен. Сондай-ақ, отадан кейінгі тігіс іздері қалмай, ауырсыну болмай, ауруханада жату мерзімі де қысқарады. Орталықтың жұмысына Семей қаласының Мемлекеттік медициналық университеті ат салыспақ.