Шыңғыс Мұхаметқалиев еркін күрестен ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды

592
көрілім

Елорадада өтіп жатқан ересектер арасындағы ел біріншілігінде көкпектілік палуан алтын медальға сынық сүйем қалғанда сүрінді, деп хабаралайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көкпекті ауданы Көкжыра ауылының тумасы алдымен тағы бір шығысқазақстандық спортшыны сенімді ұтты. Сосын атыраулық қарсыласын қапы қалдырып, ширек финалда Шымкент қаласының өкілін жолынан ығыстырды. Жартылай финалда қызылордалық Қанат Мұсабековтен айласын асырса, финалда 2019 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, солтүстікқазақстандық Нұрғожа Қайпановпен жолықты.
Шешуші белдесу біршама шиеленісті өтті. Жерлесіміз дағыстандық палуандармен белдесіп, ірі бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген Қайпановтан еш қаймықпай, есепте алда тұрды. Алдымен белсенді әрекеті үшін бір ұпай, сосын артына шығу арқылы есепті 3:0-ге жеткізді. Алайда тәжірибесі толысқан Нұрғожа екінші кезеңде қарқынын арттырып, алдымен кілем сыртынан ығыстырып шығарды. Арада аз уақыт өткенде Шыңғыстың артына өтіп, есепті 3:3-ке жеткізді. Белсенділік тұрғысынан Мұхаметқалиев еш сылбырлық танытпады. Қайта ұдайы жеңіс кілтін іздеумен жүрді. Дегенмен уақыт зымырай өтіп, соңғы әдіс нәтижесімен солтүстікқазақстандық спортшы осымен екі дүркін ел чемпионы атанды.
Осыған дейін жастар арасында үштіктен көрініп жүрген Шыңғыс бұл жолы біршама бапкер назарын өзіне аударғаны сөзсіз. Ал қола медаль жерлесімізге есе жіберген қызылордалық спортшы мен Нұр-Сұлтан қаласының намысын арқалаған Нұрлан Бекжановқа бұйырды.