Су тасқынының алдын алу үшін Күршімдегі Қалжыр өзенін қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілуде

753
көрілім
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Мадьяров Күршім ауданындағы су тасқыны басуы мүмкін аумақтарды аралап қайтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі ШҚО ТЖД сілтеме жасап.

Күршім ауданында жіті назар аударуға Қалжыр өзені жатады. Аталмыш өзен бұған дейін де бірнеше рет ернеуінен асып жағасында орналасқан елдімекендерге қауіп төндірген еді. Биыл да мұндай жағдайды болдырмас үшін төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өзен арнасына қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ, осы уақытта ұзындығы 90 метрді құрайтын дамбаны қайта жөндеп, жазғы суару жұмыстарына қажетті сужинақтау жұмыстары жүргізілмек.

Естеріңізге салсақ, өткен жылы Қалжыр өзенінде сең кептелуі салдарынан дамба жарылып төменгі жағында орналасқан жайылымдар мен егістік алқаптарын басып кеткен болатын.

Сонымен қатар Күршім ауданына жұмыс сапарымен барған департамент басшысы Қара Ертіс өзенінің Боран ауылының жанындағы жағасын да көріп, жағаны бекіту жұмыстарына баға беріп қайтты.

Азамат Темірбеков