Табиғат байлығын жинап-теруде айыппұл алып қалмайсыз ба?

684
көрілім
Жаз шығып, күн ыси бастасымен-ақ жұртшылықтың қырға ұмтылып рауағаш пен жидек тере бастайтыны белгілі. Бұл байлық біздің өңірде жетерлік. Алайда табиғат сыйын теремін деушілерге бұл әрекет бірқатар мәселеге айналып кетуі әбден мүмкін. Бұл жерде орманда адасып кету туралы айтып отырған жоқпыз. Біз орман ішінде миллиондап айыппұл арқалап қалмаудың бірқатар жолдарын іздеп көрдік.

Табиғат аясында демалумен қатар бүлдірген, саңырауқұлақ, не болмаса рауағаш теріп алуды ойлайтын шығарсыз? Дегенмен, табиғат байлығын жинап-теру кез келген орманда рұқсат етілмейді. Мысалы Катонқарағай ауданында Катонқарағай мемлекеттік Ұлттық табиғи паркі, Күршім ауданында Марқакөл мемлекеттік қорығы, Риддер қаласының маңында Алтай ботаникалық бағы мен Батыс Алтай қорығы, ал Семей қаласының жанында «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты орналасқан. Бұлар өз ережелері бар ерекше қорғалатын аумақтар болып табылады.

Жидекті қанша көлемде тергіңіз келеді? 25 келіден артық теруді ойлайсыз ба? Ендеше арнайы рұқсат алу жағын қамдап, Қазақстанның Қызыл кітабына үңілуді ұмытпаңыз. Егер орман инспекторы сізді ерекше қорғауға алынған бума өсімдікпен ұстап алса жағдайыңыз қиын болары анық. Осындай жағдайларды болдырмауға бола ма?

Қайсысын таңдағаным абзал?

Өңірдегі барлық ормандар мемлекеттік орман қоры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар болып екіге бөлінеді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қорықтар, қорықшалар, ұлттық парктер, ботаникалық бақтар мен табиғи резерваттар енеді. Олар облыстағы орман қорының қырық пайызын құрайды.

Олардың мәртебелері әртүрлі. Мысалы қорықтар мен табиғи парктерде туристер үшін арнайы аумақтар мен телімдер белгіленіп қойған. Оларға бөгде адамдарға кіруге тыйым салынған. Қорықшаларда аңшылық пен балық аулауға тыйым салынса, ботаникалық бақтарда гүл теріп, емдік шөп тамырын жинауға болмайды. Бұлардың мақсаты біреу ғана — табиғатты қорғау. Мұндай жерлерге кіру шектелгендіктен ол аумақта жүрген әр күн үшін 0,01 АЕК (227 теңге) көлемінде ақы төлейсіз. Тек мемлекеттік табиғи ескерткіштер мен табиғи қорықшаларға ғана тегін кіруге болады.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясындағылардың айтуынша, ерекше қорғалатын аумаққа кіруге рұқсатнаманы қорықшалардың, орман шаруашылықтарының бөлімшелерінде немесе қорықтардың кеңселерінен алуға болады.

Керісінше, ерекше қорғалатын аумақтарда (қорықтардан басқасы) саңырауқұлақ пен жидек теруге рұқсат етілген. Бірақ арнайы осы үшін бөлінген жерлерінен ғана. Мұндай аумақтар жайын рұқсатнама алған жерден біле аласыз. Ал табиғи резерваттардың, қорықтар мен қорықшалардың шекараларының қай жерден аяқталатынын алдын ала ғаламтордан қарап алған жөн. Мысалы, мұндай ақпаратты e-vko.gov.kz/museum (оның ішінде «ерекше қорғалатын табиғи аумақтар» бастырмасын басасыз) ШҚО электронды әкімдігінің виртуалды мұражайынан табасыз. Аталмыш мұражайдан біздің облысымыздағы қорықшалар, қорықтар мен резерваттар туралы ақпараттарды толық табасыз.

Мемлекеттік орман қорының басқа аумақтары барлық келушілерге ашық. Ең бастысы, кез келген жерде от жағып, қоқыс лақтырып немесе ағаш бұтақтарын сындырып табиғатқа зиян келтірмесеңіз болғаны.

Орманда не үшін айыппұл алып қалуыңыз мүмкін?

— Теруге тыйым салынған өсімдіктерді жұлсаңыз. Әсіресе Қазақстанның Қызыл кітабына енгендерін. Олардың ішінде алтайлық аюпияз бен рауағаш ең көп таралғаны. Оларды тергендер қылмыстық жауапкершілікке (ҚР ҚК 339-бабы) тартылып, 7 миллион теңгеге дейін айыппұл салынып немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

— Қайың немесе басқа ағаш жапырағынан сібірткі алу. Бұл жасыл желекке зиян келтіру болып саналады (ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы 300 АЕК (680 мың теңге) көлемінде айыппұл салуды немесе 75 тәулікке дейін қамаққа алуды қарастырады). Ағаш бұтақтарын арнайы ағаш кесуге бөлінген жерлердегі кесіліп-құлатылған ағаштардан арнайы билет алған соң ғана шабуға болады.

— Қорық аумағында ақысы төленбеген рұқсатнамасыз тоқтатса (жеңіл дегенде ескерту жасалып немесе екі АЕК (4 538 теңге) көлемінде айыппұл салынады).

— Жидек пен саңырауқұлақты рұқсат етілген көлемнен артық жинау. Ары қарай өсімдіктің қай түрін, қанша көлемде теруге болатыны анық жазылған. Егер қызығына түсіп, артық теріп қойсаңыз жақын арадағы орманшыға жүгініп, орманшы билетін ресімдеткеніңіз абзал. Өйтпеген жағдайда қылмыс үстінде ұсталуыңыз ғажап емес.

— Өрт қауіпсіздігі нормаларын бұзу. Жаздың аптабында кішкентай шоқтың өзі қураған шөпті лезде лап еткізетіні белгілі. Сондықтан қылқан жапырақты орманда, бұрын өртенген, дауыл құлатқан ағаштардың жанында, кесілген ағаштары бар учаскелерде, қураған шөптің маңында от жағуға тыйым салынған. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, отты айналасы төрт метр болатын минералданған белдеулері бар алаңқайларда ғана жағуға рұқсат етіледі. Бұл талапты бұзу қарапайым ормандарда — 10 АЕК (22 690 теге), ал ерекше қорғалған аумақтарда — 100 АЕК (226 999 теңге) айыппұл салуға әкеп соғады.

Орманда қандай жидек түрін теруге болады?

Бүлдірген немесе саңырауқұлақ теруді ойласаңыз, алдын ала қанша көлемде теретініңізді анықтап алыңыз. Облыстық мәслихаттың 2009 жылғы 21 желтоқсандағы шешімімен әр жидектің теру мөлшері мен бағасы бекітілген.

Әр тілек білдіруші тегін 25 келіге дейін саңырауқұлақ, 10 келі балқарағай, осынша сүйекті (долана, шәңгіш, шетен, мойыл) жидек, сондай-ақ 15 келі басқа да жидек түрлерін (бүлдірген, таңқурай, аюқарақат, қаражидек, т.б.) тере алады. Аталмыш нормадан асқан әр келі үшін қосымша ақы төлеу керек болады. Мысалы, жидектер үшін — 0,03 АЕК (68 теңге), саңырауқұлақ үшін — 0,02 АЕК (45 теңге).

Емдік шөптерді де тегін теруге болады. Бұл жерде шекті мөлшер түріне қарай анықталады. Мысалы бадананы әр адам алты келіден, балдырғанды — бес, жебірді — үш, ал балқурайды, қызылмия мен көкшегүлді — екі келіден жинай алады. Бір қызығы теруге рұқсат етілгендердің ішінде қызғылт семізот, наурызгүл, кәдімгі таушымылдық (маринь корень) сияқты Қызыл кітапқа енген өсімдіктер бар. Оның ішінде 10 келіге дейін рұқсат етілген жинақы рауағаш та көрсетілген! Бірақ тәуекел етудің қажеті жоқ. Өйткені мамандар Қызыл кітапқа енгізілген Алтай рауағашын жинақы рауағаштан тек ботаниктердің ғана айыра алатынын айтады. Сондықтан аздаған қателік ірі айыппұл арқалауға әкеп соғуы ықтимал. Бұған дейін Көкпекті ауданының тұрғыны 15 түп рауағаш үшін бір жылға сотталғаны белгілі.

Ермен мен қалақайды көрсетілген межеден артық теру үшін әр келісіне 0,01 АЕК (23 теңге), кәдімгі таушымылдық үшін — 0,08 АЕК (180 теңге) көлемінде ақы төлеу керек.

Қураған ағаштардың қабығын кез келген көлемде рұқсатсыз теруге болады. Ал шарбақ тоқуға, сібірткі мен сыпыртқы жасауға алынатын бұтақтарды және осыған ұқсас заттарды мемлекеттік орман қорларында тек арнайы бөлінген аумақтардағы кесілген ағаштардан ғана алуға рұқсат етіледі. Бұл үшін де ақы төлеу керек. Бірақ оның бағасы арзан, мысалы қайыңның бір центнер бұтағы0,032 АЕК (73 теңге)тұрса, 100 келі қайың қабығы оның жарты бағасына тең. Оған ағаш кесуге бөлінген жердің алыстығы да әсер етеді.

Құжаттарды қалай ресімдейді?

Заңды түрде моншада сабануға қажетті қайың сібірткісін дайындап, жидектер мен саңырауқұлақтарды көп мөлшерде теруді жоспарласаңыз, сол жер учаскесіне жауапты орман шаруашылығына барыңыз.

Ол жердегі орманшы келісімін беріп, арнайы аумақты белгілейді. Ал ақшасын сол жерде төлейсіз. Әр аумаққа әртүрлі баға белгіленеді.

Орманшы қандай құқыққа ие?

Орманшы (қарапайым орман қорының жұмысшысы) немесе орман инспекторы (ерекше қорғауға алынған табиғат аумағының жұмысшысы) кездескен кезде сізден келу мақсатыңыз бен не тергеніңізді сұрауға қақы бар. Өскемен орман шаруашылығы басшысының орынбасары Сергей Карманниковтың айтуынша, егер заң бұзушылық орын алса, жеке басыңызды анықтау үшін үш сағатқа дейін ұстауға құзыры бар көрінеді. Әрине, бұл жерде ұстау хаттамасы толтырылады. Ал қызметкер арнайы формамен жүріп, қызметтік куәлігін көрсетуге міндетті.

Орман аумағында айыппұл төленбейтіндіктен орманшы немесе орман инспекторы хаттама толтырып, заң баптары бойынша жазылған айыппұл түбіртегін табыстайды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инпекциясының хабарлауынша, орман қорғау саласында салынған айыппұлдарға жол ережесін бұзғанда жазылатын айыппұлдардың ережесі таралатын көрінеді. Яғни, жеті күн ішінде төлесеңіз, айыппұл сомасы жартысына қысқарады. Егер кодекс бабы бір уақытта бірнеше жазалау шарасын көздесе (мысалы айыппұл немесе ескерту), онда хаттама орман шаруашылығы басшылығының немесе соттың қарауына жолданады.