Тарбағатай ауданы Құйған ауылының жолы бірнеше жылдан бері жөнделмеген

690
көрілім
Шартты фотосурет

Бастапқыда әріп қатесі кеткен болар деген екіұшты ой санаға сап ете қалады. Көз көрім жердегі жолға 170 миллионға жуық қаржы бөлінгенін естігенде сенер-сенбесімізді білмедік. Алайда аудандық газеттегі ресми ақпараттан соң қателік емес, молынан бөлінген қомақты сома екендігіне көз жеткіздік. Тарбағатай ауданына қарасты Құйған ауылының қазіргі келбеті келісіп тұр деу асығыс айтылған ой болар, қайта тұрғындар жиі көтеретін мәселелер аудан әкімдігі тарапынан тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғандығын аңғартты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Асығыс айтылыпты»

Бір ғана ауылдың мойын бұрып қарар бірнеше мәселесі бар. Кесе-көлденең жатқан түйткілдерді бірінен соң бірін біржақты етіп, айтылған өтініш-тілектерді белгілі бір уақыт аралығында еңсеріп тастайтын әкім ілуде біреу шығар. Әдетте көпшілігі сауатты сөйлемдер жиынтығын ұсынып жатады. Дәл осындай жағдай бірнеше жыл бұрын Тарбағатай ауданында да болып, біра-а-аз уәделер берілген сыңайлы. Дегенмен қызыл сөздің арты қарбаласқа ұласпай, сол мәселелелер әлі де шешімін таппай келеді. Соның бірі – күрежолдан бұрыла бере Құйған ауылына апаратын 12 шақырым жолдың қазіргі сиқы.

– Сенесіздер ме, бір жылдары талай тұрғын «жолымыз жөнделеді» деп қуаныштан бөріктерін аспанға атып, тіпті қой бауыздауға дейін де барған. Шенеуніктер адырнадан тартылып кеп шыққан «асыл сөздерін» айтты да кетіп қалды. Молынан кетті. Кейін білдік, асығыс айтылған сөйлем екен, – дейді Мамырбек Айтқазы (аты-жөні өзгертілген).

Шамамен осыдан бес-алты жыл бұрын ырың-жырыңға айналған мәселе ақыр соңында басылым беттерінде жарық көріп, Құйғанның жол жағдайы аудан басшылығының назарына да ілігіп, артынша тазы ашуын тырнадан алған. Яғни Тарбағатай өңірін тізгіндеген әкім ауыл басшысына кәрін төгіп, ақыры қызметінен босатқан көрінеді. Газет редакциясына қоңырау шалған оқырмандарымыз осы жайт хақында бірнеше нұсқаны ұсынды.

«Бюджеттен қаржы бөлінбеді»

12 шақырымды ойдағыдай еңсеру мұң болған жүргізушілерден «ес кетті, жан шықты» дегенде шұрқ тесіктер ілдебайлап бітеліп, 2017 жылы бір жұмыстың шеті шыққан. Дегенмен тұрғындар көктем шыға жол бойында сел жүріп, бір мәрте жүк көліктері жүріп өткенде жөндеудің ізі де қалмағанын алға тартты. Ал аудан әкімдігі бұл тұрғыда жағдай ұдайы бақылауда екендігін мәлімдеді.

– Аудандық маңызы бар Құйған ауылына кіреберіс жолына жыл сайын мауысымдық күтіп-ұстау, қыру-тегістеу, қыс маусымында қардан тазалау және тағы басқа да жұмыстар жүргізіледі. Ал ағымдағы, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Аталған жолды орташа жөндеуден өткізуге бірнеше рет техникалық құжаттамалар дайындалып, бюджеттік өтінімдер түскенімен республикалық, облыстық бюджеттен қаржы бөлінбеді, – дейді ауданы әкімінің орынбасары Ерсін Ескендіров.

Екі тараптың ойы бір ортаға тоғысқан сәті осы шығар. Жол жөндеу күтіп-ұстау мен қырып-тегістеу жұмыстарымен шектелсе сапаның сыр беретіндігі сөзсіз. «Жығылғанға жұдырық болды» деген де Құйған ауылына қатысты секілді. Аудан басшылығы кіреберіс жолға орташа жөндеу жұмысына республикалық, облыстық қазынадан қаржы бөлінбегендіктен ешбір жұмыс жүргізілмегендігін жеткізді. Мейлі, бұл өткен күннің буалдыр елесі іспетті болсын. Биыл ше?

Орташа жөндеу осы жылы бастала ма?

Аудандық газеттің 2020 жылғы ақпан айында шыққан санында Көлік инфрақұрылымы деген тақырыпшада бірқатар ауылдарда жол жөндеуге қанша қаржы бөлінгендігі тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Сонда Құйған ауылына кіреберіс жолды жөндеуге 170 млн теңгеге жуық қаржы бөлінетіндігі жазылыпты. Ендігі бөлініп те қоюы тиіс. Әсілі, кесте түрінде ұсынған жөн болар.

Ауыл атауы

Кіреберіс жолға бөлінген қаржы

1

Құйған

168,8 млн теңге

2

Қабанбай

49 млн теңге

3

Жаңауыл

171,8 млн теңге

4

Көкжыра

40 млн теңге

Қысқартылған тізім бұл. Мұншама соманы бөлу осы жылдың жоспарына енген екен. Созбалаңға салмай аудан әкімдігі биылдан қалмай іске кірісетін сыңайлы.

– Өңірдің 2020-2024 жылға арналған кешенді даму жоспарына аудандық маңызы бар Құйған ауылына кіреберісіне орташа жөндеу жұмысын жүргізу енгізіліп, техникалық құжаттамалар әзірленген. Қазіргі уақытта республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Енді құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер, техникалық қадағалау ұйымдарын анықтауға конкурс рәсімдері ұйымдастырылмақ, – деді Ерсін Кәдірбекұлы.

Бастысы, сең қозғалғандай. Аудан басшылығы орташа жөндеу жұмысы қолға алынатындығын айтып сендірді. Биылдан қалмай басталса бұл бүкіл құйғандықтардың шын қуанышы болары сөзсіз. Тек соңғы сәттерде әлдене бақылаудан шығып, миллиондар сусып кетпесе дейміз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ