Тарбағатайлық палуан халықаралық турнирде қола медаль иеленді

425
көрілім

Жуырда Стамбул қаласында өткен «Champions 2021» халықаралық турнирінде жерлесіміз 70 келіге дейінгі салмақта сынға түсті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Білікті бапкер Қуаныш Қабдықалықов шәкіртімен бірлесе әлемнің әр түкпірінен келген кіл мықтыларға қарсы тұрды. Айта кетейік, аталған сайыс жастар арасында өтті. 12 мемлекеттен келген палуандар ауқымды аламанда құр қол қайтпаудың қамымен небір тартысты, әрі жанкешті белдесулер көрсетті. Соның ішінде тарбағатайлық Әсет Бауыржанов та бар. Бастапқы кездесулерінің барлығын 10:0 есебімен ұтқан спортшы тек Грузия елінің өкіліне ғана жол берді.

- Стамбулдағы дода 23-ші рет өткізілді. Мұнда жергілікті еркін күрес шеберлерінен бөлек Әзірбайжан, Қырғызстан, Грузия сынды елдерден келді. Әсет бастапқы белдесулерін айқын жеңіспен аяқтап, қола медаль үшін болған кездесуде жарыс қожайынының осал тұсын тапты. Олқылықтарға жол бермей, 10:0 есебімен сенімді түрде жеңді, - деді бапкері.

Естеріңізде болса, Әсет биыл V Жастар ойынында топ жарып, 70 келіде жоғары нәтижелер көрсетуге қауқарлы екендігін байқатқан-тұғын. Сол додада «Спорт шебері» нормативін де орындады. Сәтін салса алда Азия чемпионатында өнер көрсетеді. Әлбетте, алдымен жарақаттардан ада болсын дейміз.