Тәуелсіздік күніне орай Өскеменде ақындар айтысы өтті

378
көрілім

Өскеменде Жастар жылы және еліміздің Тәуелсіздік күніне орай «Ертіс» концертте «Алтайым – алтын бесігім» атты облыстық ақындар айтысы өтті деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ақындар айтысы ШҚО Мәдениет және құжаттама басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының қолдауымен өтті.

- Айтыс - қазақтың төл өнері. Жыр додасына облысымыздың әр өңірінен іріктеліп алынған он ақын қатысты. Биылғы жыл Жастар жылы болғандықтан жас ақындарды таңдап алдық, - деді Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев.

Айтысқа Өскемен қаласынан Қуаныш Еркінұлы, Аян Қалымбек, Жұлдызай Маратбекқызы, Семей қаласынан Қабдолла Бейісқанұлы, Манарбек Сатыпалды, Айшолпан Тілеутай, Серік Қуанған, Ақсуат ауылынан Дәурен Сембай, Зайсан ауданынан Ардабек Ақбаба, Көкпекті ауданынан Фархат Маратұлы сынды ақындар қара сөзден түйін түйіп, өзара бақтары мен баптарын сынасты. Жыр сүлейлері атадан қалған сөз өнерін асыл мұра қылып, ерке Ертістің төріне қазық қып қақты.

Ақын деген өз заманының жыршысы, сыншысы іспетті. Жыр додасында ақындар мына дүниенің ағын да, қарасын да қаймықпай жырларына қосып, жұрт көңілінен шықты.

Ақындар тек әлеуметтік мәселелерді ғана көтерген жоқ, ежелгі дәстүрлі Қыз бен жігіт айтысын жасап, әзіл-қалжыңмен көрерменнің көңілін көтеріп-ақ тастады. Сөз жүйесін, тыңдаушы иесін тапқанда сөз жетім қала ма? Сөз зергерлерінің зерделі ойлары қазылар алқасының да оң бағасына ие болды.

Міне, жарты күнге созылған айтыс та өз мәресіне жетті. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Ардабек Аққаба қанжығасына байлады. 1- орынды Дәурен Сембай, 2- орынды Айшолпан Тілеутай мен Фархат Маратұлы, 3- орынды Аян Қалымбек пен Қуаныш Еркінұлы иеленді.

Таунар ҚАЙРАТ