Тікұшақпен бақылады

302
көрілім

Өңірімізде уылдырық шашу кезеңінде балық аулаған браконьерлерге қарсы жедел алдын алу іс-шаралары қызу жүргізілуде. Газет тілшісі ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының және облыстық ІІД Табиғат қорғау полициясының өкілдерімен бірге тікұшақпен аймақтың өзен-көлдерін бақылап көрген еді.

Шығыс Қазақстан облысында сәуірдің ортасынан бастап мамыр айының аяғына дейін «Уылдырық» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылған. Шара барысында балық аулаған броконьерлер анықталып, жауапкершілікке тартылады.

– Биыл да әр жылдағыдай көктемгі уылдырық шашу маусымы басталған. Осы кезеңде балық аулауға қатаң тыйым салынатыны белгілі. Бірақ өкінішке қарай, облыс бойынша заңды белден басып жататындар жоқ емес. 10-15 сәуір аралығында өңірдің өзен-көлдерін аралап, 4 браконьерді ұстадық. Олардан 2 қайық пен 13 келі балық тәркіленді, – дейді ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бөлім басшысы Талғат Рақымжанов.

Осы ретте, ШҚО Ішкі істер департаментінің Табиғат қорғау полициясы да қалыс қалмай, браконьерлерді анықтауда талай шаралардың тізгінін қолға алған.

– Сәуір айының 16-нан бастап арнайы құрылған жылжымалы полиция бекеттері мен мобильді топтар уылдырық шашатын орындарды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қатаң бақылауда, – дейді Табиғат қорғау полициясы бөлімінің басшысы, подполковник Арман Иманов, – Бұл мақсатқа облыс бойынша 325 полиция қызметкері, 42 автокөлік және 5 жүзу құралы жұмылдырылған. Төрт күн ішінде 3 қылмыстық, 75 әкімшілік құқықбұзушылық жасағандар қолға түсті. Олар мемлекетке 1 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірген. Браконьерлер көбінесе – Тарбағатай (13), Көкпекті (11), Күршім (7) аудандарында ұсталды.

Сәуірдің 20 күні аталмыш инспекция және полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірігіп, тілшілер қауымы жедел алдын алу іс-шарасына қатысқан еді. Осылайша бізге де тікұшақпен өзен-көлдерді, заңсыз ауланған балықты қабылдап-сататын орындарды әуеден бақылаудың сәті түсті. Шара барысында бірнеше жерден заң бойынша тыйым салынған аулар табылды. Сондай-ақ, Тарбағатай ауданы, Қарой ауылының маңынан балық аулаған браконьерлер анықталды.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ