Төлемақы алуға құқылы ма?

373
көрілім

- Еңбек ету қабілетінен айырылған адамдарға мемлекет тарапынан төленетін әлеуметтік төлемдер жайын білгім келеді. Аталмыш төлемақыны алу үшін кімге және қандай тәртіпте жүгінген жөн?

Глубокое ауданынан тұрақты оқырман

Сіздің сұрағыңызға ШҚО бойынша "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ филиалының директоры Нұрлан Қыстаубаев жауап берді:

- Еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайына әлеуметтік төлем алуға құқық Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына өзі үшін әлеуметтік аударымдар жүргізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі белгілеген күннен бастап туындайды. Өтініш жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі алғаш белгіленген кезде медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына жүгінген сәтте жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу туралы мәліметтер болған кезде беріледі.

Жиналатын құжаттар тізімі:

  1. өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
  2. банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі, не түзеу мекемесінің қолма-қол ақшаны бақылау шоты туралы мәліметтер.

Ақпараттық жүйелердегі мәліметтер болмаған кезде өтінішке тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы немесе ауыл әкімдерінің анықтамасы) пен жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу туралы ақпарат қоса беріледі.

Қосымша ақпарат

Төлемдер мен жәрдемақылар туралы толығырақ мәліметті мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша Бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөміріне тегін қоңырау шалуға немесе еңбек ету қабілетінен айырылуы жағдайына байланысты әлеуметтік төлем бойынша ақпаратты www.gfss.kz, мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы және мүгедектерге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы бойынша ақпаратты www.enbek.gov.kz, немесе www.gov4c.kz, ал сақтандыру компанияларынан төленетін сақтандыру төлемдері туралы ақпаратты www.gak.kz сайттарынан алуға болады.