Төсқайың тұрғындары науқасқа көмекке келген санавиация дәрігерлеріне алғыстарын білдірді

2138
көрілім

Марқа өңіріне қарасты ауылдарда жұрт қаңтар айының 6-нан бері қар омбылап, үйлерінен шыға алмай қалды. Бүгін тікұшақ жіберіліп, тиісті көмек көрсетілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ауылдастардың сөзінше, қардың қалыңдығы екі метрге дейін жетті. Қаңтардың 16-сында ғана күн ашылып, көпшілік ес жия бастады.

– Елдімекеннен 25 шақырым жерде орын тепкен Шанағаты ауылы осы уақытқа дейін жарықсыз, байланыссыз отырды. Бізге көмекке жіберілген тракторлар жолда батып, жете алмады. Себебі, қар тым қалың. Десе де, тұрғындар атынан санавиация дәрігерлеріне алғыс білдіргіміз келеді. 13-ші қаңтарда ауылдасымыз Бағди апай инсульт алған болатын. Сол уақытта оған алғашқы көмек көрсетіліп, бүгін дәрі-дәрмектер жеткізілді, – деді Төсқайың тұрғыны Бақытбек Туратауов.

Мұндағы жұрт малға, оларға жем-шөп салу кезінде қиын десті. Өскеменнен шыққан ТЖД техникалары кідірістеп, діттеген жеріне жете алмаған. Бақытбек Туратауов шалғайға азық-түлік, дәрі жеткізген барлығына ауылдастар атынан алғыс білдірді.

Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлының сөзінше, жеткізілген азық-түлік тұрғындарға таратылып жатыр. Инсульт алған адам Өскеменге жеткізілмек.