Тыңғылықты демалады

227
көрілім

Облыс әкімдігінің ғимаратында өткен мәслихат сессиясында ШҚО Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмадилова оқушылардың жазғы демалыс лагерьлерімен қамтылуы жайында баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы жылы 958 сауықтыру және 304 қала шетіндегі лагерьлер оқушыларды қабылдауға әзір.

Жайдары жаз келіп, айнала жасыл желекке оранғанда жүздеріне қуаныш ұялаған оқушылар жазғы демалысқа бет бұрады. Келесі оқу жылына жаңа күшпен қадам басу үшін балғындардың демалыс лагеріне барып, бір серпіліп қайтқаны абзал. ШҚО Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2017-2018 оқу жылында өңірімізде 1-10 сынып аралығында 169 658 бала білім алуда. Осы жазда олардың 97%-ы демалыс орындарымен қамтылмақ.

– Биыл облыс бойынша оқушыларға арналған демалыс орындары өткен жылғымен салыстырғанда 69 бірлікке өскен, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Сайрангүл Жұмадилова, – Алдағы уақытта Аягөз, Шемонаиха, Бесқарағай және Катонқарағай аудандарында демалыс лагерьлерін салу жоспарланып отыр. Ата-анасының қарауынсыз қалғандар мен жетімдер, жағдайы төмен отбасының балалары демалыс орындарына толықтай жіберіледі. Сонымен қатар 8928 мүмкіндігі шектеулі балақайлар жаздық сауықтыру алаңдарында ем қабылдаса, 40 жетім оқушы шетелдік «Аджип каспиан» компаниясының демеушілігімен Италия еліне саяхаттауға мүмкіндік алды.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ