Ұлан ауданындағы арнайы әлеуметтік орталықта 150 науқас емделуде

1282
көрілім

Бозанбай ауылындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында атқарылған табысты жұмыс жөнінде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған әлеуметтік мекеме жұмысты ұйымдастыруда, көмек көрсетіп жатқан науқастармен жылы қарым-қатынас орнату кезінде өзіндік ерекшеліктерге ие.

Басым жағдайда олар осында қалу үшін психоневрологиялық мекемеге түседі. Тиісті қызмет түрлерін алып жатқандар қоғамға бейімделуі үшін оларға арнайы күтім көрсетіледі. Сол себепті ұйымға және психоневрологиялық мекеме жұмысына қатысты сұрақтар мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік, тұрмыстық құрылымына, салауатты өмір салтын ұстануларына бағытталады.

Ауылдағы арнайы әлеуметтік орталық директоры Асхат Сүттібаев айтқандай, қазіргі уақытта мұнда 18 бен 88 жас аралығындағы 150 науқас қажетті ем-дом алуда. Сапалы медициналық қызмет көрсету үшін оларға тәулік бойы бақылау жүргізіліп, ауру-сырқаудың асқынбауы қадағаланады.

– Ай сайын жауапты медбике бөлім құрылымындағы жұмыс барысы туралы медициналық қызметкерлерге біліктілігін арттыру дәрісін жүргізеді. Тірек-қимыл аппараты зақымдалып, ауыр жарақат алған кезде массаж қалай жасау керек, ішкі ағзаға зақым келгенде қандай ем қолдану керек соны басшылыққа аламыз және басқа да ем жасағанда өзіндік тәсілдер қолданылады. Сайып келгенде, науқастарымыздың жағдайы ойдағыдай болуына күш салудамыз, – дейді Асхат Сүттібаев.

Орталық қызметкерлері науқастар серуендейтін аумаққа ұдайы абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, гүл егіп, қылқан жапырақты ағаштарды отырғызады. Сондай-ақ мұнда әткеншектер мен спорт алаңы орнатылған.

Бұдан бөлек, жылыжайда көкөніс егіп, алуан түрлі гүлдер отырғызуға мүмкіндік жасалған. Асхат Сүттібаев уақыттың құр босқа және қызықсыз өтпеуі үшін сергіту сәттері де үнемі ұйымдастырылатынын жеткізді. Айталық, науқастармен еркін диалог орнату, психологияға оң әсер ететін әңгіме-дүкен құру және тағы басқалары.