Ұлыстың Ұлы күнін ұлықтайық!

454
көрілім

Күлімдеген көгілдір көктем есігін айқара ашқанда тіршілікке жан бітіп, айнала құлпыра түседі. Бұл жаймашуақ мезгілді одан әрі көркейте түсетін 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күнінде әр шаңыраққа қуаныш пен берекенің сәулесі ұялайды. Қазақ халқы үшін әз-Наурыз – молынан ақ дастарқан жайып думанды той өткізетін, алыс-жақындағы туған-туыс, дос-жарандармен жолығып сағыныш құмарын басатын, ренжіскендер татуласып төс қағыстыратын ұлық мереке.

Наурыз қазаққа қалай келді?

Кеңес үкіметі бұл мерекені Ислам діні тудырған кертартпа рәсімдер қатарына жатқызып, 1926 жылы ресми тойлауға тыйым салған болатын. Ұлыстың Ұлы күні осылай қазағымыздан тартып алынды. 62 жыл бойы ұмыт қала бастаған мерекені қайта жаңғырту үшін еліміздің қоғам қайраткерлері атсалысқан. Мұхтар Шаханов бұрынғы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Г.В. Колбинге Наурызды халыққа қайтару жөнінде арнайы хат жазды. Сол хатта қазақтың белгілі ақыны оған мынандай талап қойды: «Менің сізге қояр нақты ұсынысым бар. Қазақ халқының өз дәстүрі мен мейрамдары көне дәуірден бері қалыптасқан. Ұлтымыздың ең айтулы мейрамдарының бірі – Наурыз. Сондықтан бұл күнді «Русская зима» мерекесі сияқты кең ауқымда атап өткен жөн» (хаттан үзінді).

«Наурыз» сөзінің мағынасы

Наурыз, март (парсы тілінде нау (жаңа) және руз (күн) – Жаңа жылдың бір күні деген мағынаға ие. Қазақтар бұл мейрамды әз-Наурыз мейрамы деп те атайды. Халықтың ежелгі наным-сенімінде Наурыздың алғашқы үш күнінде жер-көкті жауып ерекше дыбыс (гуіл) естіледі. Мұны тек қана жұмақтан шыққан қой, сол арқылы оны бағып жүрген қойшы ғана естиді. Бұл күні бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне, өсімдік, жан-жануарға ерекше сезім, қуат, қасиет нұры құйылады. Сол себепті, халқымыз «әз-болмай, мәз болмайды» деген.

Қызықты 10 дерек

Наурыз мейрамына байланысты 10 қызықты деректі назарларыңызға ұсынамыз:

  1. Бұрын Наурыз мейрамын тойлау таң атуды қарсы алудан басталды. Бұл ежелгі ғұрыптардың біріне — «Бұлақ көрсең, көзің аш!» деген мәтелге байланысты болды.
  2. Наурыз мерекесінің дінге қатысы жоқ. Наурыздың нақты тарихы тереңде жатыр, ол өзінің бастауын мұсылмандыққа дейінгі заманнан алады. Ғалымдардың айтуынша, қазіргі кезде осы мейрамның тамырлары зороастризм және шаманизм дәуіріне жатады.
  3. Атырау мен Маңғыстау облыстарында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып, «Амал» деп аталады, осы мейрамның дәстүрлі элменті — «Көрісу». Бұл күні адамдар қол алысып қауышады. Сонымен бірге, барлығы «Жаңа жыл құтты болсын!» деп амандасады.
  4. Наурыз мейрамы уақытында дүниеге келген сәбилерге осы мерекенің атауына түбірлес есімдерді қойған. Біздің заманымызға дейін келесі есімдер сақталды: Наурызбек, Наурызбай, Наурызгүл.
  5. Мереке күні қар жауып тұру жақсы ырым деп саналған. Бізге жеткен қазақ аңыздарында қыздың сұлулығы Наурыздың ақ қарына теңестіріледі. Бұл таңғажайып жайт емес, өйткені наурыздағы қар әдетте жұмсақ, ерекше әппақ болады.
  6. 1926-1988 жылдары Наурыз Қазақстандағы бүкілхалықтық мейрам болып саналған. 2001 жылы Наурыз Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі деп жарияланды. 8 жылдан кейін (2009 ж.) ҚР Президентінің Жарлығымен Наурыз мерекесін тойлауға және қазақстандықтардың демалуына 3 күн қатар беріледі деп жарияланды.
  7. Наурыз Қазақстанда ғана тойланбайды. Жақын шетелдің елдері (Әзірбайджан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресей) Наурыз мерекесін қарсы алады! Ауғанстан, Иран – алыс шетел елдері мерекенің келуін тағатсыздана күтеді.
  8. Наурыздың дәстүрлі тағамы – «наурызкөже». Ол жеті түрлі дәмнен тұрады. Жеті деген сан аптаның жеті күнін бейнелейді, бұл санның мағынасы терең. 7 санға байланысты әдет-ғұрыптар бар. Наурыз мерекесін тойлау кезінде ақсақалға наурыз көжеге толы жеті кесе ұсынылады. Наурыз кезінде әр адам өз үйіне 7 қонақты шақырып, өзі-де 7 үйге жолығады.
  9. Өзбекстанда «Сумалақ» – наурыз көжеге ұқсас тағам дәстүрлі болып саналады. Ол да жеті дәмнен әзірленеді.
  10. Наурыздың алғашқы күндерінің бірінде қазақ халқының нанымы бойынша жердің бетінде ерекше бір гуіл жүреді. Білетін адамдар мұны жұмақтан шыққан қойлар бірінші болып сезеді, оларды баққан қойшы да байқайды дейді. Мұндай күні бүкіл табиғат, жан-жануарлар, адамдар жандана түседі. Бұл күні шаш алуға, тырнақ алуға болмайды, әйтпесе сал болып қаласың дейді.

Биыл отыз жыл толған

Түркі халықтарына ортақ Наурыз мерекесінің елімізде қайта тойлана бастағанына 30 жыл болды

Жуықта халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған Наурыз тойында мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков отыз жыл бұрынғы маңызды шешімді еске алды.

– Партияның заманында Өзбекәлі Жәнібеков екеуміз ақылдасып, заманы келді ғой, халықтың дәстүрлерін жаңғыртайық, Наурызды қайтадан тойлап, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді қалыптастырайық деген пәтуаға келдік. Сөйтіп, сең қозғала бастаған заманды пайдаланып, Наурызды мейрам ретінде қайта белгіледік. Сонда өзге бауырлас елдердің барлығы Наурызды 21-і күні тойлайды ғой. Өзбекәлі ағамыз оны құптамады. Айдың 21-інен 22-сіне қараған түні Наурыз келетінін айтты. Міне, содан бері отыз жыл өтіпті, Наурыз халқымыздың ең қастерлі мерекесіне айналды, – деді Мырзатай Жолдасбеков.

Айта кетейік, Мырзатай Жолдасбеков 1988-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық бөлімін басқарған. Ал Өзбекәлі Жәнібеков - 1988-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болған. 1926 жылы Қазақстанда Наурызды тойлауға діни мейрам ретінде тыйым салынды. 62 жылдан кейін ғана - 1988 жылы Наурыз мерекесі қайта тойлана бастады. Оның жаңғыруына көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков көп еңбек сіңірді. 2010 жылы 23 ақпанда БҰҰ Бас ассамблеясы Албания, Ауғанстан, Әзербайжан Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Македония, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия және Үндістанның ұсынысымен 21 наурызды Халықаралық Наурыз күні деп бекітті.

Қанша Наурыз есімі бар?

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, Қазақстанда Наурыз есімді 1 399 адам, Наурызбай - 2 937, ал Наурызбек есімді адамдар саны - 3 083. Наурыз есімді адамдардың көбі Маңғыстау облысында - 260 адам, Оңтүстік Қазақстан облысында - 257 адам, ал Қызылорда облысында - 163 адам. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысында Наурызбай есімінің жиі кездесетіні айтылады - 606 адам. Екінші орында - Алматы облысы ( 273 адам), үшінші орында - Қызылорда облысы (314 адам). Ал Наурызбек есімінің көбіне Маңғыстау облысында кездесетіні айтылады. Маңғыстау облысында 640 Наурызбек есімді азамат бар екен. Атырау облысында Наурыз есімімен 547 адам болса, Ақтөбе облысында - 314 адам. Комитеттегілердің мәліметінше, Қазақстанда Күміс есімді 517 адам тіркелген. Бұл есім Қарағандыда жиі (62 адам) кездеседі. Ал Қымыз есімімен тек бір адам тіркелген екен. Сонымен қатар, елімізде Құрт есімді бес адамның бар екені айтылады.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ