Үздіктер марапатталды

469
көрілім

ШҚО Драма театрында 27 наурыз – «Халықаралық театр күні» мерекесіне орай, дәстүрге айналған «Маска» сыйлығымен марапаттау рәсімі болып өтті. Шара барысында патша көңіл көрерменнің көзайымына айналған актерлер, еңбегі ерен режиссерлер мен әр қойылымның әсерлі өтуіне біркісідей атсалысатын театр мамандары марапатталды.

– Театр өнері қазақ еліне енгелі бір ғасырдан асқан жоқ, – дейді мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ШҚО филиалы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков, – Біздің жыл санауымыздан 5-6 ғасыр бұрын Еуропада дүниеге келген бұл өнер еш уақытта өлмейді, өшпейді. Ал театрды жандандыратын кімдер? Ол әрине – актерлер. Мерекелеріңіз құтты болсын!

Түсіпхан Түсіпбекұлы ШҚО қазақ Драма театрының көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеевке қазақстандық салалық кәсіподақ ұйымы атынан «Еңбек даңқы» төсбелгісін табыс етті. «Маска» сыйлығымен марапаттау рәсімінде «Жылдың ең үздік актрисасы» атағын Мадина Исина иеленсе, «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясын Мирас Разханов жеңіп алды. Сондай-ақ, «Ең үздік әйел адам рөлі» номинациясында – Альмира Айтжанова, «Екінші пландағы ер адам» номинациясында Қайрат Мұқұшев, «Ең үздік эпизодтық рөл» номинациясында – Арыстанбек Мұқият, «Балалар қойылымындағы үздік рөл» номинациясында – Шалқар Арыстанбеков суырылып алға шықты. Ал әлеуметтік желі қолданушыларының таңдауымен «Көрермен көзайымы» болып белгілі актер Қалық Қамит танылды.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ