Волейбол додасы басталады

286
көрілім

Шілде айының 11-і күні Өскемен қаласында волейболдан әйелдер арасында Азия чемпионаты басталмақ. Қазақстан волейбол клубтарының ішінде топ жарған «Алтай» спортшылары Халықаралық додада ел намысын тағы бір мәрте қорғауға мүмкіндік алып отыр. Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылы өткен Азия чемпионатында алтайлықтар жартылай финалда сүрініп, 4-ші орын алған еді. Ал биыл тастүйін дайындықпен келген волейболшыларымыз екінші орынның өзін қанағат тұтпасы анық.

Азиялық волейбол кодфедерациясы өткен жылы чемпионаттың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ескеріп, ауқымды спорттық сайысты 2018 жылы да Шығыс Қазақстанда өткізуге бел байлады. Биылғы жылғы додаға әуел баста 10 мемлекеттің волейбол командалары келеді деп жоспарланған еді. Алайда Филиппин волейболшылары дүбірлі додаға қатыспайтын болып шешті. Осыған орай, Азия чемпионатының топтық кезеңі мен ойын кестесі түгелдей өзгеріске ұшыраған (толығырақ кестеде).

Жуықта «Алтай» волейболшыларының жаттығу алаңына барып қайтқан едік. Клубтың бас бапкері Юрий Танченконың айтуынша, алтайлықтар сайысқа үлкен қарқынмен дайындалған.

– Түркия еліне барып, жаттығу өткізіп келдік, – дейді ол, – Барлық спортшы қыздарымыз өз баптарында. Басты қарсыластарымыз деп Қытай мен Тайланд құрамаларын айтар едім. Осы жолы Азия чемпионатының кубогін өз жерімізде қалдыру үшін барымызды саламыз.

Айта кету керек, волейбол додасының жеңімпазы Әлем чемпионатына жолдама алмақ. Сол халықаралық сайыста әр құрлықтың чемпиондары тартысқа түсетін болады.

– Биыл біздің қатарымызға бірнеше жаңа ойыншылар келіп қосылған. Оның ішінде Бразилия мен Ресейдің легионерлері бар. Әр ойынға келіп біз үшін тақымын қысып отыратын жанкүйерлердің артқан үміттерін ақтауға тырысамыз! – дейді «Алтай» волейбол клубының капитаны Сана Анарқұлова.

11 шілде күні Б.Александров атындағы Спорт сарайында бастау алатын алпауыт аламанның ашылу салтанаты сағат 18.00-де өткізілмек. Ал сағат 18.30-да «Алтай» волейбол клубы Ираннан келген спортшылармен бақ сынасады.

Азия чемпионатының топтық кезеңі:

«А» тобы: «B» тобы «С» тобы:
Таиланд Қазақстан Вьетнам
Жапония Қытай Индонезия
Қытай Тайбэй Шри-Ланка
Иран

Біздің анықтама

2017 жылы Шығыстың бас шаһарында тұңғыш рет ұйымдастырылған волейболдан қыздар арасындағы Азия чемпионаты 25 мамыр күні басталған болатын. Дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 8 команда өзінің мықтылығын дәлелдеу үшін барын салған еді. Тартысты өткен сайыстың қорытындысы бойынша ел намысын қорғаған "Алтай" волейболшылары 4 орынды иеленген.  

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Фотосуретті түсірген автор