Заңсыздық үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған – Талғат Башев

450
көрілім

Глубокое ауданына жұмыс барысымен барған ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев заңсыздық белең алып кетпеуін қадағалау мақсатында осылай деді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сапар барысында «ASHYQ AKIMDIK» сервистік әкімдігінің жұмысымен танысты. Аталған сервистік әкімдік «Open space» форматында жұмыс істейді, осылайша мемлекеттік органның азаматтар үшін транспаренттілігін, есептілігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, Талғат Башевтің төрағалығымен Глубокое ауданының әкімі Э.Тумашиновтың, аудан әкімдігі аппараты мен ауылдық округ әкімдерінің, дербес бөлімдер мен басқа да мемлекеттік мекемелер басшыларының, ауданның БАҚ және қоғам белсенділерінің қатысуымен кеңес өткізілді.
Кеңес барысында өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейту жөніндегі заңнамалық новеллаларды егжей-тегжейлі түсіндірді. Атап айтқанда, қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін бірінші басшылардың дербес жауапкершілігі, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің сараланған жүйесі, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасыларына сыйлықтар алуға толық тыйым салынғандығы, сыбайлас жемқорлық субъектілерінің құрамы кеңейтілгендігі және пара бергені және парақорлыққа делдал болғаны, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін жауапкершіліктің қатаңдатылғандығы түсіндірілді.
Сондай-ақ тұжырымдамаға сәйкес мемлекеттік аппарат арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жаңа құралдар енгізілуде.
- Бүгінгі жиынды пайдалана отырып, сіздерді заңсыз жолмен мәселелерді шешуден толық бас тарту жөнінде халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырамын. Бұл үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деді Талғат Башев.
Өз кезегінде Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов өз қарамағындағы қызметкерлерді адалдыққа, парасаттылыққа, сатылмаушылыққа, азаматтардың мүдделеріне қызмет етуге шақырды.
Бұл Талғат Башевтің ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары ретіндегі алғашқы жұмыс сапары. Ол өзінің аймақтағы еңбек жолын Глубокое ауданынан бастағаны таңқаларлық емес. Себебі, өткен жылдың соңында осы аудан әкімінің бұрынғы орынбасары пара алғаны үшін сотталды және аудан әкімі бағынышты қызметкерінің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін отставкаға кетуге мәжбүр болды.