Зайсан ауданы Айнабұлақ ауылында еркін жайылған малдар көлік жүргізушілеріне қауіп төндіруде

10397
көрілім
Шартты фотосурет

Алыстан ағып келе жатқанда темір тұлпарын күрт тізгіндеп, жағдай жаналқымнан алды дегенде қарсы беттен жүйіткіп келе жатқан көліктермен соқтысып қала жаздаған сәттердің жетіп артылатындығы жөнінде оқырмандар бірнеше мәрте қоңырау шалған еді. Расымен де табынға қосылмай, жолды бойлай жайылған ірі қара мен маңайдағы тұсаулы аттар күндіз қайдам, түнде әр жүргізушінің қос жанарынан жалын атып, асқан қырағылық танытуларына себепкер болған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Жазбаша ескертулер жіберіледі»

Осы мәселенің түп-төркініне үңілейік деп аудан әкімдігіне бірқатар сауалдарымызды жолдадық. Айнабұлақтың қазіргі келбеті мен тұрғындардың тұрмысынан гөрі бірден оқырмандар өтінішін қамтуға тырыстық. Қазір ауылдағы тұрғындар саны – 1676 адам. Мал асырап, үй құстарын бағып отырған 217 отбасы бар көрінеді. Сол 200-ден астам шаңырақты алайық, әрлі-берлі жеке бас шаруаларымен, басқа да бір себептермен қатынап жүрген көлігі барлар болсын, жол бойында үнемі бей-берекет жайылып жүретін ірі қара, қой, жылқы малдарының оқыс қимылдары мен келтірер кедергісі жөнінде өзара талай талқыға салып келеді. Сонда мұны біржақты етіп, күнделікті көз алдарында болып жатқан жайттарды күн тәртібіне қойып, уәжін айтар округ әкімдігі қандай да бір шара қолданды ма екен? Осындайда көкейге: «Ауылда ірі қара және ұсақ малдарға қоғамдық табын ұйымдастырылған ба?» деген сауал келеді.

– Жыл сайын мал ұстайтын ауыл тұрғындарына Айнабұлақ ауылдық округі әкімі тарапынан малдарын қараусыз жібермеу жөнінде жазбаша ескертулер жіберіледі. Әр көше бойынша тұрақты түрде мал кезектері ұйымдастырылады. Учаскелік полиция инспекторы тарапынан да қараусыз жүрген малдар арнайы белгіленген орындарға қамалып, айыппұл салынады, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қанағат Салахов.

«Жол белгісін байқамаппыз»

Сонда қауіп бұлты төніп, қатер келсе қарсы бетке шығып сапарын жалғастырудан тайқымайтын көлік иелері де ағаттық жіберген болып тұр ма? Шүйгін шөп іздеудің қамымен жүрген болар, осыдан бірнеше жыл бұрын тасжолды кесіп өтпек болған ірі қаралардың оқыс қимылы орташа жылдамдықпен келе жатқан көліктің жол жиегіне шығып, аударылып кетуіне себепші болған. Ол аздай бейсауат жүрген жылқыларды қағып кеткен сәттер де аз тіркелмеген.

– Табын мал айдап бара жатқан шопанды алыстан шырамытқанымыз бар. Дегенмен мезгіл түс әлеті болған. Егер табын ауылдан жырақта жүрген болса сонда жол бойындағы жылқылар мен қой-ешкілер кімдікі? Шыны керек, осылай үреймен жол еңсеріп жүргенде малдарды айдап өтуге байланысты қойылған жол белгісін де байқамаппыз, – деді Арман Қадыржанов (аты-жөні өзгертілген).

Алаң білдірген Арман ағаның айтқаны қаншалықты рас? Аудан әкімінің орынбасары Айнабұлақ ауылын басып өтетін «Омбы-Майқапшағай» тасжолы бойында ақ түсті «елді мекен» жол белгісі қойылғандығын мәлімдеді. Аталған жол белгіде жылдамдықты сағатына 60 шақырымға дейін төмендету қажет екендігі де көрсетілген-тін.

– Алайда көлік жүргізушілері бұл белгілердің талабын сақтамай жоғары жылдамдықпен жүреді. Соның салдарынан ауыл тұрғындарына және малға қауіп төндіреді, – деген Қанағат Салахов мәселе шешімін табуы үшін аталған жол аралығына арнайы бейнекамера орнату жоспарда бар екендігін мәлімдеді.

Бейнекамера қойылмақ

Аудан басшылығындағылардың сөзінше, маусымдық жайылымдық уақыт аяқталған кезде әр тұрғын малдарын өз қора-жайында ұстап, күніне бір мәрте суатқа айдап апарады. Иә, бұл қалыпты жайт. Өзекті болып тұрғаны қоғамдық табын ұйымдастырылса да бей-берекет жайылып жүрген төрт түлік қозғалысының көлік жүргізушілерінің өмірлеріне қауіп төндіруі. Әкімдік тиісті шараларды қолданып жатқан көрінеді. Осыдан барып ауыл тұрғындары мен әрі-бері өткен жүргізушілер де жылдамдықты асырмай, қимыл-қозғалыстың бір ымырасын бекітер. Осы ретте әкім орынбасарының Айнбұлақ ауылындағы мал санына қатысты жіберген мәліметін ұсына кетуді құп көрдік.

Мал түрі

Саны

1

Жылқы

405 бас

2

Мүйізді ірі қара

1300 бас

3

Ұсақ мал (қой, ешкі)

700 бас

Әділхан ЕСІМХАНОВ