Жекеменшік мектептерде оқитын жекелеген санаттағы балалар тегін оқулықпен қашан қамтылады?

645
көрілім
Фото: zh-shugylasy.kz сайтынан

Меншік нысанына қарамастан мектеп оқушылары тегін оқулықпен қамтамасыз етілетін болады. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform.

«Бүгінгі күні мемлекеттік мектептерде жекелеген санаттағы 465 мың білім алушы 100 пайыз материалдық көмек алып жатыр. Оның ішінде тегін ыстық тамақпен, киім-кешекпен, оқулықтармен, мектеп жазу құралдармен қамтамасыз етілген. Қазіргі таңда республика бойынша мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшіктегі 668 мектеп тіркелген. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша онда жекелеген санаттағы 28 756 бала білім алып жатыр. Үкіметтің бастамасымен меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдарындағы жекелеген санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге жергілікті бюджет есебінен материалдық көмек көрсету, оның ішінде киім-кешек және ыстық тамақпен қамтамасыз ету «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қарастырылған», - деді Әлихан Смайылов.

Оның атап өтуінше, бұл мәселені жергілікті атқарушы органдар қолдап, 2024-2026 жылдарға арналған жергілікті бюджеттен 12,1 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаржы бөлінетінін растады. Аталған өзгерістер мен толықтырулар күшіне енгеннен кейін осы нормаларды реттейтін заңға тәуелді актілерге тиісті өзгерістер енгізілген соң жекеменшік мектептердегі көмекке мұқтаж отбасы балаларына тиісті қолдау көрсетіледі.

«Парламент Мәжілісінің депутаттары бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерге білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында меншік нысанына қарамастан мектеп оқушыларын оқулықпен қамтамасыз ету бойынша түзетулер ұсынылды. Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі жекелеген санаттағы балаларды жекеменшік мектептерде оқулықтармен қамтамасыз ету үшін жергілікті және орталық мемлекеттік органдармен қаржы-экономикалық шығындарын растау және келісу бойынша жұмыс жүргізуде. Нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданатын болады», - деді Үкімет басшысы