Жоғарғы Тайынты ауылындағы интернет мәселесі қашан шешіледі?

649
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Ұлан ауданына қарасты елдімекен тұрғындары бұл сұрақты өңір әкімі Ермек Көшербаев және бірқатар жауапты тұлғаларға қойды. Айтуларынша, оқу жылы таяғанда оқушылар үнемі қиналып қалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыс әкімінің ауданға жасаған іссапары кезінде тұрғындар Қасым Қайсенов кентіндегі Мәдениет үйіне жиналып, толғандырған сауалдарын сол жерде қойды. Интернетке қатысты сұраққа ШҚО Цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ілияс Абдрахманов жауап берді.

- Діңгекті антенна орнату бойынша жуықта қаражат бөлінді. Жергілікті әкімдікпен орны бекітіліп, жоспар нақтыланған соң жұмыс басталады. Теле 2 операторларымен келісім бар. Өз құрылғыларымызды биыл қойғанның өзінде, интернет жылдамдығы келер жылы артуы мүмкін. Діңгекті антенна орнатылған соң ғаламтор тарту мерзімі бір ай, - деді ол.

Аймақ басшысы Ермек Көшербаев егер антенна қаңтар, ақпан айларында орнатылмаса, аудан басшылығы арқылы облыс әкімдігіне келіп, жағдайды баяндап беруді ұсынды. Айтуынша, уәде берген Ілияс Абдрахманов та сол жерге шақырылып, тақырыпты тағы бір талқыға салады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ