Жол құрылысы мамандары тәжірибесімен бөлісті

357
көрілім

Жастардың жоғары білім алуына арналған гранттық жобалар өз нәтижесін бере бастады. Соңғы 3-4 жылда Өскемендегі екі университетте білім алған бір мыңға жуық түлек қазір өз мамандықтары бойынша қызмет етуде. Сәті түсіп, Д. Серікбаев атындағы ЖОО-ның «Жол құрылысы» факултетінің студенттерімен бірге «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» ШҚО-дағы филиалына барып қайтқан едік.

Мұндағы мамандар студенттерге жөндеуден өткізілген жолдан сынаманың қалай алынатындығын және тексерілетіндігін көрсетті. Болашақ мамандар өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды.

– Біз бүгін оқу ордасында алған білімімізді тәжірибемен ұштастырып жатырмыз. Нақтырақ айтсақ, жол сапасын зерттейтін жаңа технологиялармен таныстық. Сонымен қоса арнайы мамандардан көкейімізде жүрген сұрақтарымызға жауап алдық. Осындай практикалық жұмыстар біздің мамандығымызға деген қызығушылығымызды арттыра түседі, – дейді аталмыш университеттің 3-курс студенті Нұрқұлан Аманжол.

Сөз бен істің арасындағы айырмашылықты ескере отырып, теория мен практика адамзаттың қос қанаты десек артық болмас.

– Біз болашақ жас мамандармен үнемі байланыс жасап отырамыз. Себебі олар білімдерін теориямен ұштастыра білулері керек. Өткен жылы кесте бойынша 523 тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде 626 сынама алынған. Оның 71 сынамасы талапқа сай келмеді, – дейді орталықтың филиал басшысы Ержан Аязбаев.

Таунар ҚАЙРАТ