14 мінген ару: Өскемен тұрғыны торт пісіріп, содан түскен ақшаға көлік сатып алған

393
көрілім

Марқакөл ауданының тумасы Ақжарқын Зикенова кішкентай кезінен темір тұлпарды жүргізіп, жазықта алаңсыз жүйткуді қалайтын. Қазір арагідік Өскемен ішінде жолаушыларды тасымалдап, көліктің қыр-сырын әбден меңгерді. Buqara.kz тілшісі кейіпкермен емен-жарқын әңгімелескен еді.
 
Қалада рөлге отырған бұрымдылар жиі жолыға бермейді. Оны жүргізу бөлек те, ақау шықса қандай бөлшектер керектігін білу бір бөлек. Кейіпкеріміз жұрт арасында «14» аталып кеткен ВАЗ-2114 көлігімен шаһар ішінде қатынайды. Ақжарқынның сөзінше, жолаушылардан жан-жақтан түсетін сұрақтар мен түрлі пікірге қаз-қалпы қарайды, әбден үйреніскен. 2002 жылы Марқа өңірінде кіндік қаны тамған ол үйінде екінші бала. Қызығы сол, ағасының көлік атаулыға қызығушылығы аз, ал өзі рөлге отырғанша тағат таппайды.
– Ағам 24 жасында алғашқы темір тұлпарына қол жеткізді. Мен 17 жасымда механикалық көлік жүргізіп үйрендім. Ауылда жүргенде екі жылдай ағамның «14» көлігін жүргіздім. Әкемде Mitsubishi болды. Бірақ «екеуінің біреуін таңда» дегенде ВАЗ-2114-ке бүйрегім бұрып тұратын. Өскеменге қоныс аударғаныма екі жылға жуықтады, – деді Ақжарқын Зикенова.


Кейіпкеріміз өзінің тұңғыш көлігін былтыр ақпан айында алды. Ағасынікі сияқты «14», тек ақ түсті. Сөзінше, алғашында әкесі ВАЗ-2114 темір тұлпарын таңдағанын қолдамады. Қалада механикалық көлік жүргізу қиынға түсетінін айтып, айнытып көрді. Бірақ Ақжарқын нақты таңдауын жасап қойған. Әйтеуір арада уақыт өтіп, қызының көңілін қимаған әкесі рұқсатын берді. Кейпкеріміз табиғатынан пысық-ширақ. Мәселен, қазір ол үш түрлі жерде жұмыс істейді. Алдымен, Өскемендегі Құмаш Нұрғалиев атындағы колледжде мастер болып жүргенін басшылыққа қойды. Себебі, аталған білім ошағында технолог-кондитерші мамандығын бітірді. Сосын үйінде дәмі тіл үйірер торт пісіріп, сатады. Ақжарқынның айтуынша, тапсырыс жиі түседі. Туған өлкесі Марқакөлде ауылдастар тарапынан сұраныс жоғары болған көрінеді. Үшіншісі – такси жүргізушісі.


– Шақырту жасаған адамдар көлікке отыра бере таңданып жатады. «Өзің қыз баласың, қауіпті ғой?» дейтіндер бар. Кейбірі шығарда жолақысын артығымен төлейді. Алғашқы көлігімді торт сатып, содан түскен ақшаға алдым. 2018-19 жылдары 70 күнде 150 торт пісірген кезім болды, – деді кейіпкеріміз.

.
Бұл ғана емес. Осыған дейін Жаңа жыл кезінде тапсырыс көбейіп, екі күнде 30 торт пісірген кезі болған. Бертіндері басқа көлік алды. Жетпеген сомасын несие алып толықтырды. Қазір «14-ті» ешкімге сатқысы жоқ. Сөзінше, ең сүйікті көліктерінің бірі осы. Оған қоса, TikTok желісінде 50 мыңнан астам жазылушысы бар Ақжарқынды көбі ВАЗ-2114 темір тұлпарын мінген ару ретінде таниды. «Бір жері сынып, күмән туғызса, ақау қайдан шыққанын, қандай бөлшектер керектігін жатқа білемін» деді. Айтуынша, келесі аптада көлігіне 707ZIK|16 деген жаңа нөмір алмақ.
 
Әділхан ЕСІМХАНОВ (Фотосуреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан)