1991 жыл. Семей ядролық сынақ полигоны жабылды

303
көрілім

1991 жылдың жазында Кеңес Одағы ыдыраудың соңғы сатысына жетті. Одақ орталығы билік пен беделінен айырылды. Енді әр басшы өзіне сеніп тапсырылған республикалар үшін толықтай жауапкершілік алуы керек болды.

Президент Назарбаевтың ең алғашқы батыл қадамдарының бірі Семей ядролық полигонын жабу болды. Полигонда сынақтар 1949-1989 жылдар аралығында жүргізілді. 1963 жылға дейін ядролық жарылыстар ауада және жер үстінде жүргізілді. Бұл аралықта жүргізілген 55 жер үсті және ауадағы жарылыстар әсерінен түзілген радиоактивті бұлт полигон аумағынан тыс жерлерге жайылды. Бұл аралықта полигонда барлығы 224 жарылыс жүргізілді.

КСРО-ның ядролық қалқаны Шығыс Қазақстан халқына ерекше қасірет әкелді. 1963 жылға дейін сынақтар жер үсті мен ауада жүргізілді. Ядролық сынақтарды үш ортада жүргізуге тыйым салатын келісімшарттан соң жарылыстар тек жер астында жүргізілді. Дегенмен, ол семейліктерді құтқарып қалмады. 1989 жылдың ақпан айында жүргізілген сәтсіз жарылыстан соң ауаға жайылған радиоактивті бұлт жақын маңдағы елді-мекендерге таралып, 1,3 миллион адам ядролық сынақ салдарынан зардап шекті.

1989 жылғы төтенше жағдайдан соң жазушы Олжас Сүлейменов бастаған ядролық сынақтарға қарсы «Невада-Семей» қозғалысы құрылды. Аталмыш қозғалыс Кеңес Одағы мен Американы ядролық сынақтардан бас тартуға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сайланғанға дейін де полигон мәселесіне ерекше назар аударған. Ол 1989 жылдың 1 наурызында Семей облысындағы экологиялық жағдайды бақылайтын республикалық комиссияны құрды. 1989 жылдың 30 мамырында ҚазССР-і Министрлер кеңесінің Төрағасы болған Назарбаев Семей мәселесін халық депутаттары Съезінің мінберінде жария етті. Бұл баяндамадан соң оның КСРО билігімен арадағы жағдайы ушықты. Алайда, ол өз дегенінен тайынбай полигонды жауып, ядролық сынақтарды тыю қажеттігін айтты.

Қазақ ССР-і Президенті болған Назарбаевтің алғашқы жарлықтарының бірі 1991 жылдың 29 тамызында жарияланған «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» №409 жарлығы болды. Ол кезде Президент Одақ билігінің шешімін күтпестен барлық жауапкершілікті өз мойнына алды.