1997 жыл. Облыстардың бірігуі

288
көрілім

Одақтың ыдырауы Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік өндірісіне қатты әсер етті. Патшалық кезеңнен бері біздің ел метрополияның шикізат берушісі ретінде дамыды. Кеңестік кезеңдегі индустрияландыру шикізат бағытын одан әрі тереңдете түсті. Шығыс Қазақстан облысының Өскемен Қорғасын-мырыш зауыты, жібек маталар комбинаты, Үлбі металлургиялық зауыты сияқты өнеркәсіп алыптары өз өнімдерімен бүкіл Кеңес Одағын қамтамасыз етіп тұрды. Экономикалық байланыстар үзілген соң орын алған ауыр дағдарыс жаңа құрылған республиканың экономикасына ауыр нұқсан келтірді. Өнеркәсіптің жаңа бағыттарын таңдап, жаңа нарықтар іздеу қажет болды. ШҚО өнеркәсібі дағдарыстан жылжып шыға бастады.

Семей облысындағы жағдай мүлдем төмен еді. КСРО кезінде Одақ орталығы оны Семей ядролық полигонына қызмет көрсететін өңір ретінде санап, қаржыландырып отырды. Облыс өзін-өзі тек 50 пайыз ғана қамтамасыз етіп, қалған қаржы бюджеттен бөлінетін. Полигон жабылған соң бөлінетін қаржы тоқтады.

Осындай кезеңде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Семей және Шығыс Қазақстан облыстарын біріктіруді ұйғарды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық бөліністі оңтайландыру туралы» Қаулысы 1997 жылдың 28 сәуірінде шықты.

Бұл шешім Семей облысының тұрғындарына біршама ауыр тиді. Өйткені Семей қаласы 1868 жылғы Александр ІІ кезіндегі әкімшілік реформадан бері облыс орталығы болып келген еді. Оның тарихи рөлі бастапқыда Қытай екі арадағы сауда-саттықққа, кейін ядролық полигонға байланысты болды. Бұл шешімнің экономикалық қажеттіліктен туындағанын көпшілік түсінбеді. Қазақ ССР-і кезінде Семей облысының дамуына қаржы Шығыс Қазақстанның өнеркәсібі есебінен республикалық бюджет арқылы келіп отырды. Облыстар біріккен кезде қаржы бөлінісі ешқандай сатыларға байланысты болмады.

Тағы бір себеп екі облыстың ресурстарын біріктіру қажеттігі еді. Қаулыда «Алтын және т.б. өндіру бойынша мысалы, «Жезкент ТБК» АҚ (Семей облысы) мыс концентратын толлингтік негізде Ертіс мыс қорыту зауытында, ал қорғасын концентратын – Өскемен қорғасын-мырыш және Лениногор полиметалл комбинаттарында қайта өңдеуге мүмкіндік алады. Шикізат базасының бірігуі бүгінгі күні түсті металлургияның тез дамуына негіз болуда. Сонымен қатар екі облыстағы ГЭС-ің бірігуі де үлкен жетістік: біріккен энергетика бүгінде жалпы республикалық өндірістің 25-26 пайызын құрайды. Мұндай жағдайда облыс электроэнергиямен өзін-өзі ғана қамтамасыз етіп қоймай елдің басқа өңірлеріне де электр энергиясын шығаратын болады» делінген.

Сол тарихи кезеңде біріккен Шығыс Қазақстан облысын құру экономикалық жағынан өзін-өзі ақтап, өңірдің дамудың жаңа серпін берді.

1997 жыл дағдарыстың ең төменгі шегі болды. Сол уақыттан кейін экономикада өсім байқалып, қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы басталды.