2005 жыл. «Өскемен-Шар» темір жолы

339
көрілім

Кеңес Одағы темір жол салуда республикалар арасындағы шекараны есепке алмады. Одақта оған қажеттілік те болған емес. Өйткені көлік ағымын шикізат өндіретін өңірлерден өнеркәсіптік орталықтарға ең қысқа жолмен бағыттау болды. Алайда, бұл тәуелсіздік алған соң көлік байланысын қиындатып жіберді.

Шығыс Қазақстанды басқа өңірлермен жалғайтын темір жол желісі Ресейдің Локоть және Третьяково станциялары арқылы өтті. Ел арасындағы кедендік кедергілер жүк және жолаушы тасымалына елеулі әсер етті.

Қазақстан Президенті ұзақ мерзімді «Қазақстан — 2030» стратегиясында «Тарихи тұрғыдан алғанда, елiмiздiң аумағы арқылы Шығыстан Батысқа және керi қарай көлiк легi тоқтаусыз өтiп жатты, ал олардың жылжу жиiлiгi бүгiнгi күнi де саябырситын емес. Қазақстанның мiндетi отандық көлiк-коммуникация кешенiнiң бәсекелестiк қабiлетiн және аумағымыз арқылы өтетiн сауда легiнiң ұлғайтылуын қамтамасыз етуде жатыр» деп келтірді. Бұл міндет темір жолдың Шығыс Қазақстандағы бөлігін қайта жасауды талап етті.

«Өскемен-Шар» темір жолының салынуы барлық өскемендіктер тарапынан қолау таппады. Өйткені темір жолдың жаңа желісі тез ұлғайып келе жатқан ЖМК ауданын кесіп өтетін болды. Дегенмен, қалалықтардың күдігіне қарамастан 2005 жылы құрылысты бастау жөніндегі шешім шықты.

Бұл құрылыс Қазақстанның жаңа тарихындағы алғашқы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы болды. «Досжан теміржолы» концессионері аталмыш құрылысқа әртүрлі көздерден инвестиция тартты. Концессиялық келісім мерзімі 2009 жылдан, яғни «Өскемен-Шар» теміржол желісі қолданысқа берілгеннен бастап, 2028 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Бұдан кейін теміржол толықтай мемлекет меншігіне өтеді.

Шығысқазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәжірибесі 2006 жылғы 7 шілдеде Президенттің қолымен бекітілген жаңа концессиялар туралы Заңының негізіне айналды.

Қала тіршілігіне титімдей ғана кері әсер еткен жаңа жол Алматыға дейінгі жолды қомақты түрде қысқартты. 149,6 шақырымдық жолдың ашылуы жаңа станциялардың пайда болып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қызмет көрсетуші жұмысшыларға жаңа баспаналар салуға сеп болды. Шығыс өңірі бұл жобадан тек табысқа кенелді.