2007 жыл. Семейде жоғары технологиялық өндіріс ашылды.

294
көрілім

Қазақстан экономикасының негізі әлі де шикізат экспортына бағытталған. Экономиканың бұл құрылымы Қазақстан Ресей империясының боданы болған жылдары қалыптасты. Кеңес дәуірінде жүргізілген индустрияландыру кезінде республиканың алға қойған басты бағыты – шикізат өндіру саласы болды.

Жас тәуелсіз мемлекеттің егемендігі үшін мұндай жағдай өте қауіпті. Себебі әлемдік дағдарыс орын алғанда бірінші кезекте шикізат экспорттаушылар зардап шекпек. Өйткені сол уақытта шикізаттың құны жоғары технологиялық өнімдерге қарағанда әлдеқайда арзанырақ болады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2030» Стратегиясында экономиканың шикізаттық емес секторында экспортқа бағытталған жоғары технологиялық өндірістерді құру туралы тапсырма берді.

2007 жылдың 27 қыркүйегінде Семей қаласында «СемАЗ» ЖШС өндірістік учаскелерінде Daewoo автобустарын шығаратын зауыттың ашылу салтанаты өтті.

Бұл өндіріс Қазақстандағы толық циклді автокөлік құрастыратын алғашқы кәсіпорын болды, осының арқасында еліміз импорттық көлік қондырғыларының жиынтығын жинап қана қоймай, сондай-ақ құрастыру, дәнекерлеу және шанақты бояу мүмкіндігіне ие болды.

Бұрындары жоғары технологиялық өндірістері болмаған Семей қаласы үшін бұл таптырмас жаңашылдықтың болғаны айтпаса да түсінікті. Республикаға 2,5 млн. АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестициялар келіп түсті. Осының нәтижесінде қалада жаңа жұмыс орындары құрылды.

2009 жылғы 18 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Daewoo Bus Kazakhstan» автобус зауытында болып, мемлекеттің машина жасау кешеніне қолдау көрсететіндігін айтты.

Он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеген зауыт жаңа өнімдерді шығаруын ары қарай да жалғастыруда. Бұл жерде бірнеше жүк машиналары мен тракторлар шығарылып, ресейлік шағын автобустардың құрастырылуы жөнге қойылған. Бүгінгі таңда автокөлік құрастыру зауытында 450 адам жұмыс істейді. 2017 жылы Семей қаласындағы автокөлік құрастыру компаниясы «Алтын сапа» сыйлығына үміткерлердің тізіміне еніп отыр.